Жұма, 31 қазан, 17:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82,2194
29.10.2025
PDF мұрағаты

Мемлекетке 430 млн теңге залал келтірген экс-шенеунік қамалды

31.10.2025

66 0

Фото: pixabay.com

ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның бұрынғы төрағасы Ж.Д. Омаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ол алма бақтарын салуға бөлінген бюджет қаражатын иемдену фактісі бойынша, қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, жұмыстар мен жабдықтардың құнын негізсіз көтеру жолымен ұрлық жасады деген күдікке ілінді.

Бұл мақсатта ол өзімен байланысты «Green Mart Kazakhstan» ЖШС-нің басшысын тартқан. Аталған тұлға бағдарламаға қатысушы болып көріну үшін достары мен туыстарының атына 20 жалған компания тіркеген. Шын мәнінде бұл тұлғалар ешқандай қызмет атқармаған және жобаға қатыспаған.

Жалған құжаттар негізінде Қорға 1,4 млрд теңге көлемінде лизинг алу туралы өтінімдер ұсынылып, олар кейін Қор тарапынан мақұлданған. Байқау рәсімдерін өткізбестен, жеткізуші ретінде бір ғана қатысушы – «Green Mart Kazakhstan» ЖШС таңдалған. Қаражат түскен соң, оның бір бөлігі кәсіпорындардың есепшоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған, – делінген ҚМА хабарламасында.

Сонымен қатар жабдықтар қымбат бағамен жеткізілген, ал жұмыстар орындалмаған. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 430 млн теңгеден асты. Акционерлік қоғамның бұрынғы төрағасы 2 ай мерзімге қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Бұған қоса, осы іс бойынша Қордың бұрынғы басқарушы директоры М.К. Искаков пен «Green Mart Kazakhstan» ЖШС басшысы Р.Б. Сазынбек 8 жылға бас бостандығынан айырылып, 4 автокөлігі тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: