Сейсенбі, 04 қараша, 04:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№84, 2196
04.11.2025
PDF мұрағаты

Мемлекеттік аудит пен онлайн бақылау жүйелері арқылы қаржылық тәртіп күшейтілуде

03.11.2025

75 0

Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы ұйымдардың қызметіне аудит жүргізіліп, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына бақылау қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, онлайн бюджеттік мониторинг және камералдық бақылау жүйелері арқылы заңнаманың сақталуы тұрақты қадағаланып келеді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Ербол Күзембаев мәлімдеді.

– Департамент тарапынан ағымдағы жылдың өткен кезеңінде 53 аудиторлық іс-шара жүргізілді. Оның нәтижесінде мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметінде заң талаптарының орындалуы мен қаржының тиімді жұмсалуына талдау жасалды. Анықталған кемшіліктер бойынша 52 нұсқама жолданып, жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі қаралды. Сонымен қатар, бірқатар материалдар тиісті органдарға жолданып, ведомстволар арасында өзара әрекеттестік орнатылды. Қазіргі таңда қаржылық тәртіпті арттыру мақсатында жаңа онлайн бақылау жүйесі тиімді іске асырылуда. Бұл жүйе арқылы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы ұйымдардың қаржы қозғалысы қашықтан қадағаланып отыр. Онлайн бақылау нәтижесінде 3 627 төлемге талдау жүргізіліп, тиісті ұйымдарға 831 хабарлама жіберілді. Мұндай тәсіл қаржының ашық әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етіп, бюджеттік тәртіптің нығаюына ықпал етуде. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне де тұрақты бақылау жүргізілуде. Бұл бағытта тапсырыс берушілердің құжаттары сарапталып, сатып алу кезінде әділдік пен бәсекелестік қағидаттарын сақтау қамтамасыз етілді. Жыл басынан бері камералдық бақылау нәтижесінде көптеген мемлекеттік сатып алу барысында заң бұзушылықтардың алдын алу мүмкін болды. Біздің негізгі міндетіміз – бюджет қаражатының әрбір теңгесінің тиімді және мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету. Бұл бағытта біз бақылау шараларын одан әрі жетілдіріп, қаржылық процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге баса назар аударамыз. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары заң талаптарын қатаң сақтап, өз салаларында жауапкершілік пен тәртіпті күшейтуі қажет. Алдағы уақытта да департамент тарапынан осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады, – деді Ербол Қабаштайұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: