Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда әділ болулары қажет. Олар елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті. Себебі, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты. Нақты айтатын болсақ, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – жауапты міндет. Өйткені, ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.
Жалпы мемлекеттік қызмет жауапты міндеттер жүктейтін, абыройлы лауазым болып табылады. Бүгінде әрбір арнайы-орта және жоғары білімі бар жас мамандарға мемлекеттік қызметке келу үшін оңай жағдай жасалған. Бұл қызмет түрі үміткерден небәрі жеткілікті білімді, құқықтық сауаттылықты, өнегелі тәртіпті, адалдық пен ар-намыс тазалығын талап етеді.
Жоғары кәсіби мемлекеттік қызметті және тиімді басқару құрылымын құру ісінде міндеттерді іске асыру көбіне мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне байланысты. Сонымен қатар, маңызды функционалдық және мәртебелік маңызы бар мемлекеттік қызмет имиджі халықтың мемлекеттік аппаратқа сенімі деңгейінің көрсеткіші және қоғамның басқару қызметінің тиімділігін бағалау өлшемі болып табылады.
Б.Уалихан,
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!