Сәрсенбі, 30 шiлде, 00:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№ 56, 2169
29.07.2025
PDF мұрағаты

Мемлекеттік тіл – қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық бірліктің негізі

29.07.2025

109 0

Қазақстан Республикасының Конституциясында қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі беріліп, елдің қоғамдық өміріндегі орны айқындалған. Бұл – егемен еліміздің ұлттық рәміздерімен қатар тұратын, оның рухани тұтастығын айқындайтын басты құндылықтарының бірі.

Тіл – ұлттың жаны, болмысы және тәуелсіздіктің басты тіректерінің бірі. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – бұл елдегі қоғамдық келісімді, ішкі тұрақтылықты және болашақ ұрпақтың зияткерлік әлеуетін қалыптастырудың алғышарты. Осы орайда, Тіл туралы Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі №151 Заңы мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық салаларында қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бүгінде мемлекеттік тілді дамыту және қолдану – стратегиялық деңгейде жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен қабылданған бағдарламалар мен тұжырымдамалық құжаттарда қазақ тілін ғылым, білім, ақпарат, құқықтық және цифрлық кеңістікте дамыту мәселелері нақты қарастырылған.

Алайда, қолданыстағы заңнамалық нормаларға қарамастан, мемлекеттік тілдің іс жүзінде толыққанды қолданылуына кедергі келтіретін бірқатар мәселелер де бар. Олар қатарында мемлекеттік органдарда құжат айналымының екі тілде жүргізілуі, кейбір сала қызметкерлерінің қазақ тілін жетік білмеуі, сондай-ақ қоғамда тілдік жауапкершілік деңгейінің төмендігі сияқты түйткілдер атап өтіледі.

Соңғы жылдары аталған бағытта оң өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке орналасу барысында үміткерлерден қазақ тілін меңгеру деңгейіне қойылатын талаптар күшейтілді, мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесінде қазақ тілін оқыту сапасы жақсартылуда, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдегі контенттің үлесі артуда.

Мемлекеттік тіл – тек этникалық қазақтардың емес, бүкіл қазақстандықтардың ортақ тіліне айналуға тиіс. Бұл ретте әрбір азаматтың мемлекеттік тілге құрметпен қарап, оны үйреніп, қолдануға ұмтылуы – ел алдындағы азаматтық жауапкершілігінің көрінісі.

Қорытындылай келе, мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты іспен көтеру – ортақ парызымыз. Қазақ тілінің қоғамның барлық саласында еркін қолданылуы еліміздің бірлігі мен тұрақтылығын нығайтып, ұлттық болмысымызды сақтаудың және болашаққа сенімді қадам басудың кепілі болмақ.

Редакциядан: Мемлекеттік тілді дамыту – Қазақстан халқының тарихи және мәдени мұрасын сақтау жолындағы маңызды басымдықтардың бірі. Осы бағыттағы игі бастамаларға әрбір азамат қолдау көрсетіп, ел болашағына үлес қосуы тиіс.

А.К, Сералиев,

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: