Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 04:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Мемлекеттің әр тиынына дейін халықтың қазынасы

23.12.2023

582 0

Фото: Коллаж "Ақмешіт апталығы"

Соңғы уақытта заңсыз шығарылған активтер жайлы жиі айтыла бастады. Мемлекет басшысының пәрменімен бас прокуратурада арнайы комитет те құрылды. Парламент депутаттары да осы іс бойынша атқарылып жатқан жұмыстың есебі мен қайтқан қаржының көлемін сұрап, тиісті органға сауал жолдауда.

Жуырда Ермұрат Бәпи, Қазыбек Иса, Абзал Құспан, Данияр Қасқарауов, Айдос Сарым секілді Мәжіліс депутаттары елдің бас прокуроры Берік Асылов пен бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіковке депутаттық сауал жолдады.

Мәжілісмендер сауалында ел Президенті белгілеген тапсырмаларды орындау бағытында комитет қандай күштік-структуралық құрылыммен жұмыс істеп жатқаны, комитет құрамында қанша қызметкер бары, шетелдік юрисдикциялармен, халықаралық іздестіру бюроларымен жұмыс істейтін бөлімде қанша қызметкер бары және қанша активтің қайтарылғаны сұралған. «Сіздер қоғам алдында комитеттің құпия емес алғашқы ісшараларын жария етіп, көпшілік алдында бір пресс-конференция беретін уақыт болған жоқ па? Ұрланған активтердің елге қайтарылуын бағып, қазынаға қанша қаржы түсерін бағып, сіздердің іс-әрекеттеріңізді аңдып отырған қоғам бар екенін ұмытпаңыздар! Ұрланған активтер елге қайтады деген халықтың әзірге үзілмеген үміті мен сенімін күл-парша қылуға сіздердің қақыларыңыз жоқ. Біз де оған жол бермейміз!», – делінген депутаттық сауалда.

Әрине, бұл депутаттық сауалдың толық нұсқасы емес. Халық қалаулыларының сайлаушылар аманатына жауапкершілікпен қарайтыны қуантады. Өйткені жердің астындағы да, үстіндегі де байлықтың бірден бір иесі – халық. Біз де мемлекеттің әр тиынына дейін халықтың қазынасы деп түсінеміз.

БАҚ беттеріндегі деректерге сүйенсек, қайтқан қаржы бар. Журналист Абай Аймағамбеттің «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Заңсыз шығарылған активтер: 1 трлн теңге мемлекет қазынасына қайтарылды» атты мақаласында біз көтерген мәселе жан-жақты қамтылған. 

Қолда бар деректерді сөйлетсек, шамамен 1 триллион теңге тұратын құнды активтер – капитал, жылжымайтын және жылжитын қымбат мүлік, коммерциялық нысандар, акциялар, кәсіпорындар, жерлер, бағалы металдар мен асыл тастар мемлекетке қайтарылған. Мамандардың айтуынша, қайтарылған қаржының шамамен 600 миллион доллары шетелден әкелінген көрінеді. Қаржы министрлігі келер жылы ұлттық заңнаманың тағы өзгеретінін хабарлады. Енді шет мемлекеттермен арадағы сомасы 50 мың доллардан асатын операциялар да бақылауға алынбақ. Ұлттық банк қаражат көлемі 50 мың доллардан асатын операциялар бойынша Қаржы министрлігін хабар беріп отырады.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: