Бейсенбі, 28 қараша, 17:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Менің елімнің Әнұраны

05.06.2021

2007 0

Елімнің Әнұраны шырқалғанда кеудемдегі жұ­ды­рықтай жүрегім қаттырақ соғып, тұла бойым шымырлап қоя береді. Мемлекеттік әнұранымызда ұлттың ұлылығын айқындайтын, мемлекетті басқа мем­лекеттерден ерекшелеп тұратын, тыңдағанда жаныңды рахатқа бөлеп, рухани күш сыйлайтын сазы, әуені мен сөзі үйлесім тапқан.  Сөзін жазғандар – Жұмекен Нәжмеденов, Нұрсұлтан Назарбаев, әні – Шәмші Қалдаяқовтікі.

Менің елімнің Әнұраны

Жалпы, біздің Әнұранымыз – Қазақстанды тәуелсіздікке бастаған,  елдің егемендігіне жол ашқан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында күллі жастарды біріктірген «Менің Қазақстаным» әні. Кеңестік үкі­меттің әміршіл-әкімшіл саясатына қарсы шығу үшін «қазақты қазақ қана басқарсын» деп ұрандатқан жастардың жүрегінен терең орын алған осы бір өлеңнің ерекшеліктері де, қасиеттері де баршылық. Мұның ең басты құндылығы ынтымақ пен бірлікке, достық пен бейбітшілікке, ерлік пен қайсарлыққа бастайтын бар қазаққа ортақ жырға айналуында жатыр. Бұл әнді тыңдаған сайын алтын күннен нәр алып, дәнді даласын думанға бөлеген, ерлік пен елдіктің дастанына айналған Қазақстандай ұлы мемлекеттің азаматы болғанымды, қазақтай таутұлғалы ұлттың баласы екенімді мақтан тұтамын.

Менің елімнің Әнұраны

Әңгімеге арқау болған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылдың 7 қаңтарында Елбасының Жарлығымен мемлекеттің ресми Әнұраны болып бекітілді. Сол  жылдың 11 қаңтарында «Менің Қазақстаным» әні елдің мемлекеттік Әнұраны сипатында алғаш рет астаналық «Ақорда» рези­ден­циясының шаңырағы астында Нұрсұлтан Назарбаев­тың Қазақстан Президенті лауазымына салтанатты түрде кірісу сәтінде орындалды.

Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші ағамыздың ел жүрегінен орын алатын, көптің жадында сақталған бұдан да басқа әндері бар­шылық. Бірақ кез келген ән мемлекеттің гимні бола алмайды. Оның сөзі терең тебіреніспен жазылса, әні жүрек түкпірінен шыққан. 1956 жылы шығарылған әннің тарихына көз жүгірсек, ол қазақты рухтандыруды, біріктіруді көздейтін туынды екенін аңғарамыз. Композитордың өзі  «Ол тұс – Ақмоланы «Целиноград» атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын Әнұран қажеттігін сездім. «Менің Қазақстаным» солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжмеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді» дейді естеліктерінің бірінде.

Қарап отырсақ, бұл әннің шығуына кеңестік үкіметтің солақай саясаты себеп­кер болған. Өткен ғасырдың елуінші жыл­дарының ортасында Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру жұмыстары жүрді. Жұмыс күші керек деген желеумен кеңес үкіметінің түкпір-түкпірінен көптеген адам қоныс аударды. Бұл оқиғалардың аста­рында үлкен саясат жатты. Қазақ жерін бөлініске салу, республиканың тұтастығына сызат түсіру секілді мақсаттар көз­делді. Мұны елдің тұтастығына бейқам қарамайтын кез келген тарихшы растай алады. Өйткені бұл – бар қазаққа белгілі шындық. Біз мұны деректі фильмдерден де, кинолардан да, тарихи мақалалардан да көріп, оқып, біліп жүрміз. Кеңес үкіметінің басындағылар Қазақстанның тың даласын, яғни, солтүстік облыстарды Ресей тарапына қосу пиғылын жасырын жүргізді. Мұн­дай жымысқы саясатты түсінген қазақ халқының патриоттары ата-баба жерін сақтап қалуға талпынды. Міне, осы кезде Жұмекен мен Шәмшідей өр тұлғалы қазақ ұл­дары жүректе жатталатындай туындыны шығар­ды.  Бұл әнді тыңдаған әрбір қазақтың рухы көте­рілді. Тіпті, радиодан күніне бірнеше рет беріліп тұрған. Сол арқылы халықтың еңсесі тіктелді. Бірақ сәл нәрсеге шүйлігетін қызылжағалы­лар «Менің Қазақстанымға» да тырнағын батыр­ды. Шәмші ағамыздың өзі «…Кезінде кеңестік жүйе­нің қарғылы төбеттері әннің өнебойынан ел­дік сананың ұшқынын көріп, оның өлеңіне қатыс­ты дау шығарған көрінеді» деген. Сондағы қос­қан «Жеті жыл жоспары, Жеті қыр асқаны. Думан­ды бастады, Қазақтың жастары» деген жолдар­дан сол дәуірдің қозғаушы күші – коммунистік партияның жеті жылдық жоспарын ұлықтауға арналған шумақ екенін аңғару қиын емес.

Жұмекен Нәжмеденовтің жұбайы Нәсіп апайдың айтуынша, ақын ағамыз бұл әннің сөзін 1956 жылы Алматыда, белгілі шаң­қобызшы Гүлсара Піржанованың үйінде шығарыпты. Әрбір сөзінің өзі бүтін бір ұлысты бірлікке ұйыстыруға, ынтымаққа шақыруға бағытталған. Қазақтың кең дала­сын, жайқалған егінін суреттейтін өлеңді қалай ғана сүймессің?! «Менің елім, гүлің болып егілемін, жырың болып төгілемін!..» деп ел мен жерді сүюге, Отанды қастерлеуге шақыратын жыр жолдары жүрекке бірден жетпей ме?! Шәмшінің әні, Жұмекеннің өлеңі Ұлы даладағы Қазақ елінде қазақпен бірге мәңгі жасайды. Өйткені, бұл – менің елімнің, Қазақстанымның Әнұраны!

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: