Жұма, 27 желтоқсан, 02:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Мерейі үстем Смағұловтар

02.08.2022

1153 0

Қазіргі таңда отбасында өзара келісім мен рухани сыйластықты нығайту маңызды болып отыр. Бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру үлкен мәселеге айналды. Сондықтан да елімізде «Мерейлі отбасы» сынды өнегелі байқау жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған қалалық байқауда Смағұловтар отбасы «Өнегелі отбасы» аталымын иеленді.

Әулеттің қуанышына ортақта­сып, өсіп-өнген отбасының тәрбие­лік мәнін жастарға насихаттау барысында олармен тілдескенді жөн көрдік. 

Смағұловтар отбасы қалаға қа­расты Айнакөл ауылында тұрады. Бізге қаладағы Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінде педагог-психолог болып қызмет атқаратын Шолпан Смағұловамен тілдесудің сәті түсті. 

«Мерейлі отбасының» байқауы болатынын естіген Шолпан апай оған қатысуды жөн санайды. Өйт­кені отбасылық құндылықты насихаттай отырып, жастарға үлгі ету басты мақсат еді. Ел сүйсінер ерекше қасиетті ұрпаққа үлгі ету де осы байқаудың талабы.  Шолпан апай ата-анасы көрсетіп кеткен сара жолды мақтан ететіндерін жеткізді. 

– «Мерейлі отбасы» болу тек  қана ата-анаға байланысты емес, ол балаларға да қатысты. Әке-шешем үлгілі ата-ана болуға тырысып, балаларына жақсы тәрбие берді. Отбасының құндылығы балалармен байланысты. Сол үшін ең бастысы балаға жақсы өнеге көрсете білу қажет, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

Әулеттің діңгегі болған Аяған Смағұлов – саналы ғұмырын  бала тәрбиесіне арнаған жан. Қырық жылдан астам білім беру саласында еңбек еткен ұлағатты ұстаз. 1952 жылы Қарағанды облысы, Тельман ауданындағы орта мектебінде ал­ғашқы ұстаздық жолын бастаған. 1954 жылы сол білім ошағында мектеп  директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары кызметіне тағайындалған. 1955 жылы Сыр­дария ауданындағы «Ақиын» елді мекенінде №136 Н.К.Крупская атын­дағы сегіз жылдық мектепте мұғалім болып орналасқан. 1970-1981 жылдары №136 Н.К.Крупская атындағы сегіз жылдық мектепте директор қызметін атқарды. 1981-1997 жылдар аралығында осы мек­тепте мектеп директоры қызметін жалғастырған. Аяған Смағұлов Қазақ ССР  Оқу Министрлігінің, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері медалімен наградталған.

Шаңырақтың отанасы Шарбан Досжанова. Ол – он екі құрсақ көтерген батыр ана. Әр балаға өнегелі тәрбие бере отырып, олардың санасына отбасылық құндылықты сіңірген  аяулы жан. Шарбан ана өмірге 6 ұл, 6 қызды әкелген жан, алтын алқа иегері.

Аяған ата мен Шарбан ана бала қызығын көріп, немере, шөбере сүйген бақытты ата-әже атанды. Отбасында келін мен ененің ара­сындағы сыйластықтың мәні зор. Шарбан әжей келіндеріне ыстық ықыласпен мейірімін төгіп, кем-кетіктерін түзетіп, жол көрсетіп отырған.

– Әкем бала санын ешкашан шектеген емес. «Балалы үй базар» деп үнемі айтып отыратын. Өмірдің ақ қарасын ажыратып, қиын кезде қасымыздан табылды. Бағыт бағ­дар берген ата-анама өмірлік қарыз­дармын. Маңдайымызға жел ти­гізбей өсірді. Әрдайым адал болуды, біреудің ала жібін аттамауды, бауырмал, ауызбіршілікте болуды  үйретті. Кішкентайымыздан біздің үйден қонақ үзілмейтін. Келген қонақтар әкеме «Айеке, он екі балам бар деп мақтанасыз, көрмедік қой балаларды» дейді екен. Ата-ана­мыздың  бізге берген тәрбиесінің қандай екенін өзін осы жерден байқауға болады. Яғни конақ келген кезде рұқсатсыз ол бөлмеге бармау, дастарханға рұқсатсыз қол салмау деген қағиданы біздердің санамызға сіңірген. Анамның үлкен қағидасы болатын: «Ана бір қолымен әлем­ді тербетсе, бір қолымен бесік тербеткен». Анамыз үйді де, жұ­мыс­ты да бірге алып жүрген. Әкем  әр баласын бір-бір төбеге теңеп отыратын. Бала кезімізде әр баланы патшасындай көріп, кейін досындай ақылдасқан әкемнің бір ауыз сөзі алтын еді, – дейді Шолпан апай.

Шарбан анадан тәлім-тәрбие алған Смағұловтар отбасының келін­дері қазіргі кезде бір-бір үйдің  түтінін түтетіп, шаңырағын ұстап отырған жайы бар. «Ұяда не көрсен, ұшқанда соны ілесін» деген сөз  осы Смағұловтар отбасына арнап айтылғандай. Әулеттің қыздары әке жолын таңдады. Қыздары Сәуле қаладағы арнаулы түзету мектебінде мұғалім болып қызмет жасаған. Ал Айжан  мен Шолпан ұстаздық қызмет атқарады. Отбасының келіндері де Ақбөпе, Эльвира Айнакөл ауылындағы №175 мектепте қазақ тілі мен әде­биет пәнінің мұғалімі болып жұ­мыс істейді. Ал Нұргүл  келіні – тә­лімгер, немере келіні Ардақ – мектеп жанынан ашылған шағын орталықта әдіскер, немересі Ақбота шағын орталықта тәрбиеші болып қызмет атқарады. Немерелері Ақерке Сыр­дария ауданындағы №35 орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Айзат, Аружан, Айгерім, Жазира – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің сту­денттері. Олар да мұғалім болуды қалайды.

Қазіргі таңда берекесі ортайма­ған отбасының отын өшірмей, түтінін түзу түтетіп отырған баласы Бақытбек пен келіні Ақбөпе. Шаңыраққа шаттық сый­лап, түздегі тынымсыз еңбектің арқа­сында үйдің жағдайын  жасап отыр. Бақытбек бесаспап десе де болады. Бірде егіс басынан, бірде мал шаруашылығынан табылады. Бақытбек Ғазиз бен Даниярдай ұлдарына осы машақатты еңбектің жөн-жосығын, қыр-сырын үйре­туде. Ала жаздай атыз жағалап,  егін жайқалтып,  төрт түлікті де баптауға үйренген.  Сонымен қатар отбасының Мейрамбек, Ғанибек, Қуанышбек атты балалары ауылда мал және егін шаруашылығымен айналысады. Олар маңдай термен адал еңбек етіп, кәсіптерін өркен­детіп отыр.

Осындай үлгі тұтарлық мерейлі отбасылар көбейе түссе еліміздің іргесі сөгілмейтіні анық.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: