Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына тура жетпіс алты жыл толып отыр. Жасыратыны жоқ, бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Сол сұрапыл соғыс жылдарының қасіреті мен жарасы әлі күнге дейін жазылар емес.
Сол бір сұрапыл жылдары майдан даласына аттанғандардың бірі сырбойылық Әбдірахман Әбішов. Ол 1923 жылы Қазалы ауданы, Томайкөл ауылында дүниеге келген. 1941 жылы соғысқа аттанып, Мәскеу түбіндегі майданға қатысқан. Елге оралған соң Қазалы ауданының, Аққой совхозында бас есепші болып жұмыс істеді. Совхоздың орталық қоймасын 40 жыл басқарып, зейнетке шыққан. Бүгінде өзінен өрбіген 10 баладан 35 немере, 20 шөбере ұрпақ жалғастығын арттырып келеді.
Ол майдан даласына аттанарда жиырма жастың шамасындағы бозбала болатын. Алайда өзі қатарлы жігіттердің елін қорғауға аттанып жатқаны рух беріп, жігеріне жігер қосты.
Солайша ауыл баласы ойда жоқта оқ пен оттың ортасынан табылды. Мергендігі мен мықтылығымен танылды. Талай жауды жер жастандырып, жерін қорғауда жанқиярлық ерлік көрсетті. Қарулас сарбаздармен қатар жеңіс жолында кеудесін оққа тосты.
Бірде өзен жағасындағы ұрыста неміс әскерін талқандап, қарулас жолдастарын аман алып қалады. Сөйтіп, соғыста жүріп өзінің ер жүректігімен, батылдығымен, қайсарлығымен көзге түсіп, Ұлы жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосты.
Соғыстан кейінгі жылдар туған жері Қазалы ауданына оралып, қаруын қаламға ауыстырып, елдің өсіп-өркендеуі жолында тынымсыз еңбек етті. Ел экономикасының нығаюына барынша жұмыс жасады.
Отанын қорғаудағы жауынгерлік еңбегі еленіп, Жеңіс күндерінің арнайы орден-медалдарымен марапатталды. Өмірі өнегеге толы ата жолын кейінгі ұрпақ мақтанышпен атайды.
Қаршадайынан еңбекпен шыңдалып, еңсе тіктеген Әбдірахман ата елге келген жылдары есепші қызметінде еселі еңбек етті. Соғыс даласында жүріп, елге жиі хат жазып жүрді. Бүгінде оның барлығы мұрағат төрінде сақтаулы тұр.
Р.S. Иә, ол өз өмірін елге қызмет етуге арнады. Жастық шағында қолына қару алып, сол кездегі ортақ Отанымызды жаудан азат етуге атсалысты. Кейінгі жылдары туған жерін түлетуде аянбай еңбек етті. Бүгінде тәуелсіз елдің арайлы таңы астында ұрпақ бақытын көріп, соған шүкірлік етеді. Егемен елдің ертеңіне сенеді, соған тілектестігін білдіреді.
Тұрар ШАЙДУЛЛАҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!