Сәрсенбі, 15 қазан, 16:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№78, 2190
14.10.2025
PDF мұрағаты

Мүгедектігі бар жандарға берілетін ең төменгі жәрдемақы көбею керек – депутат

15.10.2025

151 0

Фото: BAQ.KZ - архив

Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға мүгедектігі бар жандардың проблемалары жөнінде сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі күні елдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жалпы саны 725 мың адамға жеткен.

Талдау нәтижелері бойынша, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар саны жыл сайын орта есеппен тұрақты түрде 2,39%-ға өсіп келе жатқанын көрсетті. Бұған халықтың тұрмыстық жағдайы мен экологиялық ахуалдың да әсері зор екені айтпаса да түсінікті. Тәуелсіз Қазақстанның әр азаматының өмірі мен болашағы мемлекеттің басты назарында болуы керек. Алайда қоғамда мүгедектерге қатысты мәселе көп болғанымен, ол ашық айтыла бермейді. Кейде жеңіл сырқаты бар адамдардың жалған мүгедектік рәсімдеп жүргені туралы шағым-арыздар түссе, кейде керісінше шын мәніндегі мүгедектер әділеттілікке жете алмай жүр. Сонымен қатар, жергілікті медициналық мекемелер мен мамандардың салғырттығы немесе қолдан ұйымдастырылған әрекеттер кесірінен елімізде мүгедектердің құқы толыққанды қорғалмай отыр, – дейді депутат.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада мүгедектікті анықтауға қатысты бірқатар әділетсіздік бар.

Қолы немесе аяғы жоқ адаммен қолының бір саусағы не аяғының бір башпайы жоқ адамға бірдей – үшінші топтық дәреже беріледі. Қолы немесе аяғы мүлде жоқ, тіпті туа бітті ақыл есі кем жандар өз мүгедектігін растау үшін тексерістен өту керек. Өзінің мүгедектігін ресми мекемелерге тіркете алмай жүргендер де бар.

Мұндай өңір тұрғындарының қатарында Семей полигонынан зардап шеккен, Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тумасы Сарыпбеков Сапа есімді азамат. Оның мұрын қуысына полигон салдарынан зақым келгені ресми түрде дәлелденгенімен, түрлі себептермен үшінші топ мүгедектері тізімінен шығарылған. Енді мүгедектігін қайта рәсімдей алмай, талай табалдырықты тоздырып, ақыр соңында сонау Түркістаннан бізге көмек сұрай келген. Ал Маңғыстау облысының тұрғыны Жеткізген Жақсылықұлы туа бітті мүгедектігі ресми түрде дәлелденген, ақыл-есі кем туысын үшінші топтан бірінші топқа ауыстыру мақсатында талай есікті қаққанымен, әрекеті нәтижесіз қалған. Ол ауылдан қалаға келіп, Медициналық-әлеуметтік сараптама талап еткен анықтамаларды жинаудың өзі өте қиын екенін айтты. Себебі ақыл-есінде кемшілік бар қарындасы тіпті қарапайым фото суретке де дұрыс түсе алмайды. Мұндай туа бітті кемістігі бар ауыр жандарға мүгедектік дәрежесі бірден берілуі керекдеп санаймыз. Мен – бізге келген азаматтардың басындағы екі ғана мысалды айттым. Ал Астанаға жетіп, мәселесін айта алмай жүрген жандардың қатары тым көп екені айтпаса да түсінікті. Бүгінгі таңда үшінші топтағы мүгедектің жәрдемақысы – 55 474 теңге. Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтарымыз осы мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақыны алып, өлместің күнін көріп келеді. Өз кезегінде, қазір инфляция 12,9 % деңгейіне жетіп, әлеуметтік маңызы бар өнімдерге, дәрі-дәрмектерге бағаның күрт өсуі байқалуда, – деді ол.

Депутат мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысын кем дегенде ең төменгі жалақы 85 000 теңге көлеміне дейін көтеру қажет деп есептейді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: