Қазақстанда мүгедектікті белгілеу тәртібі медициналық-әлеуметтік сараптама қағидаларымен реттеледі. Бұл жүйе адамның ағза функцияларының тұрақты бұзылуынан туындайтын өмірлік қызмет шектеулерін бағалауға негізделген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, медициналық тексерудің толықтығы мен көлемін азамат тіркелген медициналық ұйымның дәрігерлік-кеңестік комиссиясының төрағасы қамтамасыз етеді. Сараптама екі форматта жүргізіледі: көзбе-көз және сырттай.
- Көзбе-көз сараптама: қызмет алушы комиссияға жеке барып қатысады.
- Сырттай сараптама: өтініш берушінің денсаулығы туралы ақпарат дәрігерлік-кеңестік комиссия қорытындысы арқылы МӘМС бөлімдеріне жіберіледі. Бұл азаматтардың сараптамаға тікелей қатысуын қажет етпейді. Сырттай сараптама үш тәуелсіз маманға жіберіліп, материалдарда кімге қатысты екені көрсетілмейді.
Сырттай сараптама мына жағдайларда қолданылады:
онкологиялық аурулар, туберкулез, туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық ақаулар, психикалық аурулар, балалардағы 1 типті қант диабеті, мукополисахаридоз, ағзаларын трансплантациялаудан кейінгі жағдайлар, гидроцефалия, сондай-ақ қол-аяқтарының біреуінің немесе бірнешеуінің айқын салдануы, терең парездер және басқа да бірқатар нозологиялық түрлер.
2025 жылғы 1 шілдеден бастап кейбір нозологиялық түрлер бойынша мүгедектікті белгілеудің ерекше механизмі енгізілді. Бұған аяқ-қол ампутациясы, Даун синдромы және мукополисахаридоз сияқты жағдайлар кіреді. Бұл жағдайда мамандар тек мүгедектік тобын анықтап қана қоймай, жеке абилитация және реабилитация бағдарламасын да әзірлейді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
