2025 жылдың басынан бастап елімізде мүгедектік тобын белгілеу үдерісін барынша жеңілдету бағытында маңызды қадам жасалды. Медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай өткізу форматы бүкіл Қазақстан бойынша пилоттық режимде іске қосылды. Бұл бастама ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қағазбастылық пен мекеме аралаудан босап, өздеріне қажетті қызметті қашықтан алуына мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері 51,8 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралып, бүгінде 30 түрлі ауру нозологиясы бойынша куәландыру жүргізілуде. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 96,9 мыңнан астам өтінім сырттай қаралған – бұл жалпы куәландырылған азаматтардың 37,4%-ын құрайды.
Бұл әкімшілік кедергілерді азайтып, ашық әрі әділ жүйе қалыптастыру жолындағы нақты қадам. Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес, жүйе қызмет алушылар мен қызмет көрсетушілер арасындағы тікелей байланысты барынша азайтуды көздейді.
Цифрлық трансформация мен әлеуметтік әділеттілікті ұштастырған осындай жобалар еліміздегі инклюзивті саясаттың нақты көрінісі. Ендігі мақсат – бұл бастаманың тиімділігін арттырып, оны тұрақты әрі толыққанды форматқа көшіру.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!