Қоғамда мүмкіндігі шектеулі болса да, екі қолға бір күрек тауып, еңбек етіп жүрген жандар жетерлік. Десе де, барлық салада мұндай азаматтар еркін қызмет атқара алмасы анық. Қайтпек керек? Осы ретте ерекше жастарға жаңа мүмкіндіктер сыйлап, жаңаша бағытта оқыту жүргізсе құба-құп. Ол үшін қоғамның сұранысына сай жеке кәсібін ашуға, жаңа мамандықтарды игертуге күш салынуда.
Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған»Қызылорда өңірінде еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жастарды креативті өнерге тарту» жобасы аясында «Ақ босаға» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Өз қолыңмен жасауды үйретемін» атты ашық есік күні өтті. Жоба таныстырылымына қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы К.Құрақбаева, «М.Шоқай атындағы №187 ақпараттық технологиялар мектеп-лицейі» КММ директоры Ұ.Баймбетов, «Қызылорда Hub» өңірдің стартап жобалар мен инновациялық технологияларды дамытушы орталығының басшысы, депутаттар, мектеп директорлары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, курс жетекшілері мен жоба қатысушылары, көп балалы аналар мен мүикіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналар қатысты.
Жиында сөз алған «Ақ босаға» қоғамдық қорының атқарушы директоры Зейнар Дастанқызы жобаның жалпы мақсатымен, күтілетін нәтижесін нақтылап өтті. Қатысушылар «Қызылорда Hub» өңірдің стартап жобалар мен инновациялық технологияларды дамытушы орталығының басшысына сұрақтарын қойып, ақпараттық бизнес көздері жөнінде толық мәлімет алды.
Жиын соңында қоғамдық бірлестік төрт бірдей мекемемен меморандумға қол қойып, жоба аясында жүйелі жұмыс жүргізуге бекіді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!