Тіл – ұлттың рухы. Ал журналист – сол рухтың сақшысы. Әрбір мақала, репортаж, эфир немесе сұхбат – бұл жай ақпарат емес, тілдің тынысы, сөздің салмағы. Сондықтан журналистика мен тіл – егіз ұғым. Егер тіл әлсіресе, ақпарат әлсірейді, ұлттық болмыс бұлыңғырланады.
Ал қазақ журналистикасы – халқымыздың үнін, мұңын, арманын ғасырлар бойы жеткізіп келе жатқан алтын көпір. Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды тұлғалар ұлт үшін тек қалам тербеп қойған жоқ, олар тіл үшін күресті. Себебі олар жақсы түсінді, ұлттың тағдыры – тілдің тағдырында.
Бүгінгі медиа кеңістігі күрделі: бір жағында жаһандық ағым, екінші жағында ұлттық құндылықтар. Осы екеуінің ортасында жүрген қазақ журналисі – бүгінгі заманның рухани шекарасын қорғаушысы. Ол қай тілде сөйлесе, қай тілде жазады – ұлт сол тілмен өмір сүреді. Егер журналист қазақ тілін менсінбей, аудиториясын өзге тілмен жинауға тырысса, бұл – ұлтқа жасалған сатқындықпен тең.
Бірақ қуантарлық жағдайлар да бар. Соңғы жылдары қазақ тілінде сапалы контент көбейіп келеді. Жас журналистер мемлекеттік тілде ой қозғап, түрлі әлеуметтік, мәдени, саяси мәселелерді талқылап, аудитория жинауда. Бұл – тілге деген сұраныс оянып келе жатқанының белгісі. Дегенмен бұл – бастамасы ғана.
Қазақ журналистикасы – тек тілде емес, ұлттың жүрегінде тірі болуы тиіс. Ол үшін журналистер өз миссиясын сезінуі керек: ақпарат тарату –міндет, ал тіл арқылы ұлттық сана қалыптастыру – қасиетті борыш. Тіл тағдыры тек парламент мінберінде емес, журналистердің қолындағы микрофонда, ноутбук пернесінде, газет жолдарында шешіледі. Қазақ тілінің келешегі – оны қаншалықты тірі тілге айналдыра алатынымызда. Ол үшін әрбір журналист «қазақ тілі – менің қаруым, менің рухым» деп қарауы керек. Себебі ұлттың тағдыры – тілмен жазылады. Ал ол тілдің иесі – біз, журналистер.
Маман Сымбат,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
Журналистика мамандығының 1-курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!