Жұма, 27 желтоқсан, 07:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Нәлібаев уәдесінде тұра ма?

18.11.2023

202 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Жібек жолы» арнасының «Уәде» бағдарламасына қатысып, журналист Ерболат Мұхамеджанға сұхбат берді. Сұхбат барысында Сыр бойындағы өзекті мәселелер, түйіні тарқатылмаған проблемалар, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар сараланды.

«Жібек жолы» арнасындағы «Уәде» бағдарламасына келіп, сұхбат берген әр азамат атқаратын жұмысын айтып, уәдесін беріп жатады. Бағдарламаға Қызылорда облысының әкіміне дейін де басқа аймақтың басшылары, министрлер мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысып жүр. Демек өз аудито­риясы бар, көрермені қалыптасқан сұхбат алаңы. Республикалық телеарнаның бағ­дарламасына қатысқан Нәлібаев қандай уәде берді? Ол уәденің Сыр халқына пайдасы тие ме? Енді соған тоқталайық.

Аймақ басшысы берген уәденің бірі – жол мәселесі. Жол болғанда да анау-мынау көше емес, Қызылордадан бастысқа қарай облыстың бес ауданын басып өтіп, Ақтөбеге қарай тартатын үлкен жол. Бәріміз білетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны. Бұл жолдың машақаты белгілі. Қызылордаға дейін  бірінші санатты да Қызылордадан кейін  екінші санатты жол. Екінші санатты болғандықтан жол да екі жолақты. Кезінде жүретін көлік ағынының аздығына байланысты екі жолақты етіп салынған. Мамандар осылай дейді. Жол болғанда да қандай жол десеңші?! Теп-тегіс тақтайдай, бірақ тар. Күре жолмен қазір 10-12 мыңның үстінде көлік өтеді. Басым бөлігі халықаралық бағытта жүк таситын автомашина. Бұған жеті ауданға қатынайтын техниканы қосыңыз. Ары-бері, тоқтаусыз жүріп жатқан қозғалыс. Күре жолдағы қозғалыстың көптігі сонша, шопырлар қарсы бағытқа шығып, алдындағы көліктен озуға қорқады. Сондайда алдыңа үлкен жүк көліктері түссе, оларды айналып өту мүлдем қиын. Озамын немесе айналып өтемін деп, жол апатына ұшырап жатқандар аз емес. Тіпті бұл жолда талай адам жан тапсырып та жатыр. Нәлібаев көп адамның бас ауруына айналған осы жолдың төрт жолақты болатынын айтты. Бұл мәселе бұған дейін де көтеріліп жүрген, бірақ Мемлекет басшысы Қызылордаға келгенде түбегейлі шешілетін болыпты.

Облыс әкімі Қызылордада жылу электр орталығы салынатынын, тіпті 2025 жылдың тамызында аяқ­талатынын айтты. Несін жасырамыз, өткен жылғы қыстан соң жылу электр орталықтары еліміздегі негізгі мәселенің бірі екені белгілі болды. Бұл жағына келгенде Қызылордада анау айтқандай мәселе жоқ шығар, бірақ жылу орталығының ескі екені әмбеге аян. Жаңасын салмаса болмайды. Қолда бар деректерге сүйенсек, қазіргі жылу электр орталығы 1964 жылы салынған. Бірнеше рет күрделі жөндеу жүргізілгеніне қарамастан, стратегиялық нысанның негізгі және қосалқы қондырғыларының тозу деңгейі 90 пайызға жеткен. Сондай-ақ қаладағы ұзындығы 207,7 шақырым болатын жылу желісінің жартысына жуығы жаңартуды қажет етеді.

Нәлібаев бұл мәселені қалай шешпекші? Былтыр Энергетика министрлігі түркиялық «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясымен Қызылорда қаласында жаңа бу-газ қондырғысын орнату жөнінде келісімшартқа қол қойды. Шетелдік инвестиция есебінен салынып жатқан жаңа ЖЭО 240МВт электр қуатын өндіре алады. Жобаның болжамды құны – 215 миллиард теңге. Өткен жылы орталық капсуласы салынғанын көпшілік жақсы біле­ді. Биыл құрылысы басталды. Республика күні қарсаңында «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясы 76 млрд теңгеден астам инвестиция салып, қазақстандық «ИНТЕРТАСКО» компаниясын бас мердігер ретінде таңдаған. Бас мердігер ретінде таңдалған компания бұған дейін Атырау облысында қуаты 310 МВт газ электр станциясының құрылысын жүргізген. Сонымен қатар «Тенгизшевройл», «Шеврон», «Норд Каспиан Оперейтинг» компа­нияларында жұмыс атқаруда. Жаңа станцияны «көгілдір отынмен» қамтамасыз ететін жобаның мердігері 16 қарашада анықталып, жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланған. Тіпті түркиялық компания Америка мен Еуропаның General Electric, Siemens және басқа да ірі компанияларына соңғы үлгідегі заманауи қондырғыларды дайындауға алдын ала төлем жасаған деген де ақпарат бар.

Нәлібаев берген уәденің бірі – Қызылорда қаласын жылы сумен қамту. Жылы су жайын түйіні тарқамаған үлкен проблема деуге болады. Өйт­кені Қызылорда қала болғалы тұр­ғындар мұндай игілікті көрген емес. Сонда Машбекұлы бұл мәселені не істемек? Сұраққа жауапты «Уәде» бағдарламасының жүргізушісіне айт­қан облыс әкімінің өз сөзінен алайық.

– Президент өңірге келген кезде қала тұрғындарының өтінішін жеткіздім. Ол – үлкен мәселе. Қызылорда қала болғалы жылы су жоқ. Көкшетауда да осы мәселе өзекті болып тұр. Басқа өңірдің бәрінде бар. Аристонның көмегімен су жылытып пайдаланады. Тұрғындардың осы өтінішін Мемлекет басшысына жеткіздім. Президент Үкіметке әкімшілікпен бірлесіп, тез­детіп жоба жасауға тапсырма берді. Мемлекет басшысының үлкен қол­дауымен келесі жылға 11,5 млрд, 2025 жылға 11,45 млрд теңге бөлінейін деп жатыр. Екі жылдың ішінде Қызылорда қаласын жылы сумен қамтамасыз етеміз. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлы қабылдаған үлкен тарихи шешім болды, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сұхбат барысында Қызылорда облысының әкімі Сыр өңірінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 21 мек­теп салынатынын және оның біреуі Байқоңыр қаласында бой көтеретінін атап өтті.

Нәлібаев уәдесінде тұрып, осы айтқандарын орындай ма? Ол жағы бізге де, сізге де белгісіз. Бәрін уақыт көрсетеді. Сондықтан сабырмен күтіп, алдағы күннің еншісіне қалдырайық.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: