Әлеуметтік желіде науқасты жедел жәрдем қызметкерлері аяусыз тепкінің астына алып жатқан бейнесі тарады. Халық алаңдап, екұдай күй кешті, деп жазады Egemen.kz.
Видеода не болған?
Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жедел жәрдем қызметкерлері орындықта ұйықтап жатқан ер адамды аяқпен итеріп тастаған видео тарады. Ролик авторлары Қазақстанның жедел жәрдем қызметкерлері науқасты қараусыз қалдырып, көмек көрсетпестен далада тастап кетті деп мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәлімдемесі
«Жүргізілген талдау бұл видеодағы адамдардың Қазақстан жедел жәрдем қызметкерлері еместігін көрсетті. Олардың формасында мемлекеттік және ведомстволық белгілер жоқ. Ал бұл – еліміздегі барлық жедел жәрдем бригадалары үшін міндетті талап. Сонымен қатар киімнің түсі мен үлгісі елімізде қолданылатын бірыңғай стандартқа сәйкес келмейді», делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство сөз болған видеоның үстіне әдейі басқа аудио қосылғанын, ол кадрдағы жағдайды шынайы етіп көрсетіп, эмоциялық кернеуді күшейткенін атап өтті.
«Мұндай техникаларды қолдану – бұрмаланған шындықты ұсыну және аудиторияның эмоционалдық қысымын күшейту мақсатында жасалған манипуляциялық әдіс. Бұл роликтің мақсаты ақпарат беру емес, керісінше, негативті күшейтіп, шұғыл қызметтердің беделіне нұқсан келтіру екенін тағы да дәлелдейді», деді министрлік.
Асылында қай жақта болған оқиға?
Сонымен қатар, бұл оқиғаның 2024 жылдың 11 наурызында Ресейдің Волгоград қаласында болғаны және сол кезде ресейлік ақпарат құралдарында кеңінен жарияланғаны анықталды. Тексеру нәтижесінде кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылған.
«Осылайша, ескірген әрі толық тергелген оқиғаны Қазақстан қызметтерімен байланыстыру – азаматтарды әдейі жаңылыстыру әрекеті», деп түйіндеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Министрлік паблик администраторлары мен ақпараттық ресурс иелерін жарияланым алдында дереккөздерді мұқият тексеруге шақырды. Сондай-ақ ел азаматтарының шынайы ақпарат алу құқығын құрметтеп, мемлекеттік, әлеуметтік және медициналық қызметкерлерді әдейі қаралайтын материалдарды таратпау қажеттігін ескертті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
