Ұлттық мәдениет – халықтың тарихи жады, ұрпаққа ұласатын баға жетпес қазынасы екеніне талас жоқ. Наурызнаманың үшінші күні “Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр” күні болып бекітілгені де көпке мәлім. Бұған бейжай қарамаған ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде жазасын өтеушілерге көшпелі музей ұйымдастырылды.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Нұрлыбек Рахатов пен Әлібек Сералы арнайы келіп, құнды жәдігерлер жайында мардымды мағлұмат берді. Көрме барысында жазасын өтеуші азаматтар тарих таспасын кері айналдырып, әр дәуірдің кезеңіне үңілуге мүмкіндік алды. Әр жәдігердің жайып салар шығу тегі бары жасырын емес. Тіпті, музей қызметкерлеріне сұрақ қойып, пікір алмасудың болғаны соған дәлел.
Көрмедегі көрнекі картиналар да көкейге ой түйгізбей қоймады. Жазасын өтеушілер суретшілердің әр туындысына таңданысын байқатты.
Тереңнен тамыр тартқан мәдени мұраның, сан ғасырдан жалғасын тапқан салт-дәстүрдің маңызын түсінудің жөні бөлек. Бұл ретте, көкірек көзді ашарлық танымдық іс-шара өткізу көптік етпейді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!