Исламда күйеу жігіттің жарына ақшалай немесе дүние ретінде берілетін сыйлығын «Мәһр» деп атайды. Оның көлемін тек қалыңдық анықтайды. Бүгінде мәһрге не сұрап жүр? Бүгінде мәһр көлемінен қыздар жарыс ұйымдастыратынын имамдар да жасырмайды. Бірі көлік, бірі үй, бірі құндыз тон сұрап жатады дейді. Тіпті жақында мәһр мәселесіне байланысты әлеуметтік желіні мына бір жайт шулатқан еді. Қалыңдық ер азаматынан Астана қаласынан пәтер алып беруін сұрайды. Жігіт келіседі. Бірақ уақыт өте қалыңдық күйеуінің пәтер әпермегені үшін жиырма млн-дай қаржысын алып, қашып кеткен. Екеудің арасындағы бұл оқиға елді елең етпей қоймады. Одан кейін ерінен Cobalt көлігін сұраған нәзік жанның қылығы қызу талқыға түсті. Осындай мысалдар көп-ақ. Негізі шариғатта мәһрдің мөлшері, берілуі ережесі қалай?
Наиб имам не деді?
Қайырбек Отызбаев, облыстық «Ақмешіт Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы: – Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қоштасу қажылығында сахабаларға қарап: «Шын мәнінде, әйелдерiңнiң сендердiң алдарыңда және сендердiң әйелдерiңнiң алдында тиiстi мiндеттерiң бар», – деп айтқан. Әйелдің ері алдындағы міндеті болғаны секілді ердің де әйел алдындағы өзіндік міндеті бар. Соның бірі – қалыңдық неке рәсімінде күйеуінен мәһр сұрауға құқылы. Яғни ер адамның қалыңдығына мәһр сыйын беруі уәжіп, міндеті болып табылады. Бір сөзбен айтсақ, мәһр – әйел затының неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Үйленетін әйелдеріңе мәһрлерін шын көңілден тарту етіңдер…», – деп бұйырады («Ниса» сүресі, 4-аят). Шариғат бойынша мәһр беру – уәжіп. Бірақ ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһр берілмей қиылған неке дұрыс болып саналады. Мәһр мөлшері жайлы жазылған пәтуада: «Алайда мәһрдің мөлшерін ер азаматтың материалдық деңгейіне қарап, отбасының әлеуметтік жағдайын ескерген жөн. Өйткені мәһр күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін ренжітетіндей кем болмауы керек», – делінген (fatua.kz/kz сайтында). Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, «Шариғат және пәтуа» бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы: «Мәһрдің ең жоғарғы өлшеміне ешқандай шектеу қойылмаған. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 20-аятында: «Олардың біріне мол мәһр берген болсаңдар, одан ештеңе де қайтарып алмаңдар», – дейді. Ал мәһрдің ең аз мөлшері – Ханафи мәзһабы бойынша он дирхам. Сахабалар өмір сүрген заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммды құраған. ҚМДБ ғұламалар кеңесінде мәһрдің ең аз мөлшері 4,25 грамм алтынмен есептелетіні жайлы пәтуа қабылданды. Мәһрдің құны осы мөлшерден төмен белгіленген жағдайда, оны сол мөлшерге толтыру керек», – деп жазған болатын «муфтият.кз» сайтына. Демек, жоғарыдағы пәтуаға және пәтуа маманының сөзіне жүгіне отырып, мына нәрсені айтқымыз келеді. Біріншіден, шариғатта мәһрдің төменгі мөлшері белгіленген. Екіншіден, мәһрдің ең жоғарғы өлшеміне ешқандай шектеу қойылмаған. Қалыңдық ер азаматтың отбасындағы әлеуметтік және материалдық жағдайына қарап, мәһр мөлшерін ескергені жөн. Мәһр сұрау керек екен деп, әлеуметтік жағдайын ескермей, шамасы жетпейтін (мәселен, үйкөлік алып бер деу секілді) дүниені сұраудың соңы отбасындағы түсініспеушілік туғызатын жайдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан мәһр мүмкіндікке қарай сұралып, берілгені дұрыс. Қалыңдық қажет болса, жергілікті әдет-ғұрыптан аттамай, мәһр мәселесінде ер азаматтың отбасын ескеріп, оларға салмақ түсірмегені маңызды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисте: «Үмметімнің әйелдерінің ішіндегі ең жақсысы – мәһрлері аз болғандары», – деп айтқан. Сондықтан ұзатылып жатқан қыз баласы некелесу рәсімінде «мәһр маған тиесілі дүние» екен деп, «не сұрасам да өзім білем» деп күйеуін қиын жағдайға душар етуі дұрыс емес. Ал жағдайы жетіп тұрған ер азамат қыздың көңілін қалдыратындай сараңдық танытып, мәһрін тым азайтып, кем беруі дұрыс болмайды. Неке рәсімі кезінде мәһр өлшемі әлеуметтік жағдайына қарай ескерілу керек, – деді найб имам. «Қымбат зат сұраған қалыңдықтар бар ма?» деген сұрағымызға найб имам былай жауап берді. – Бүгінгі күні әлеуметтік желіде қалыңдықтың мәһрге қымбат көлік, тұрғын үй сұрап жатқан жағдайларды кезіктіріп жатырмыз. Бұл мәселеде пікір білдірушілердің сыны да айтылып жатыр. Әйтсе де мешітке келіп неке қидыратын жастарымыз мәһр сұрауда ер азаматтың шамасына, мүмкіншілігіне қарап жататыны қуантады. Бірен-сараң жастар мәһрдің не екендігін білмей, ер азаматынан үй-көлік сұрағысы келетін қалыңдыққа әуелі түсіндіріп айтамыз. Қалыңдықтан ер азаматынан үй-көлік сұрау себебін сұрағанымызда, «ортақ мүлкіміз болады» деп айтып жатады. Ондай сәтте мәһр не үшін берілетіндігін шариғат аясында былай түсіндіреміз. Мәһр – қалындықтың жеке мүлкі. Тіпті екі жас ажырасып кеткен жағдайда күйеуі берген мәһрін «қайтып бер» деп дауласуына еш құқығы жоқ. Өйткені ислам мәһрді жаратылысынан әлсіз әрі жаны нәзік әйелдің жеке мүлкі етіп белгілеген. Әйел баласы алған мәһрін жалғыз, қорғансыз қалған жағдайда, яғни жесір қалса, ажырасып кетсе немесе материалдық тұрғыда мұқтаждық көрген жағдайда қажетін өтеуі үшін жаратуы мүмкін. Ал егер бір шаңырақ астында тату ғұмыр кешсе, мәһр ер азаматтың қалыңдығына жасаған сыйы болып қалады. Өзінің игілігіне қолданады деп айтқан кезімізде жағдайды түсініп, қалыңдық күйеуінен шамасына қарай мәһрін сұрап жатады. Негізі некенің негізгі мақсаты – отау құрған екі жас бір-бірімен түсінісіп, бір шаңырақ астында сыйласып, үлкендерінің ақ батасымен бақытты ғұмыр кешуінде жатса керек, – деді Қайырбек Отызбаев.
Мәһрге не сұрадыңыз?
Қала тұрғындары арасында осындай сауалнама жүргізгенді жөн көрдік. Ең алдымен анамнан бастадым.
«Мәһрсіз-ақ бақыттымыз»
Бұл – анам Зәуре Темірханқызының сөзі. Әкем мен анам 1981 жылдың соңына таяу шаңырақ көтерген. Ал ол кезде мәһр сұрау болмаған. – Біздің кезімізде молданың алдына барып, неке қию жоқтың қасы еді. Неке сарайына барып тіркелсек болды. Ал мәһр сыйлығы дегенді мүлдем естіген жоқпыз. Қазір ғой, екі жас үйленсе міндетті түрде заң алдында да, шариғат бойынша да некесін қидырады. Жалпы ол дұрыс. Бірақ мәһрге қымбат нәрсе сұрау шектен шыққандық. Біздің кезімізде де өз қызығымыз бар, әрине. Ақ көйлек киіп, дүркіретіп той жасамасақ та, мәһр сұрамасақ та бақыттымыз, шүкіршілік. Жалпы жаңа түскен қалыңдық мәһр бағасын емес, отбасы бақытын ойлауы керек деп ойлаймын, – деді анам.
«Үй сұрадым»
Кейіпкерім Алмагүл Жомартова үй сұрағанын еш жасырмады.
– Шаңырақ көтергеніме он жылдан асып барады. Осы кездегі жастар секілді біз де неке сарайына, мешітке барып, некемізді қидырдық. Мәһрге үй сұрағаным да рас. Сол кезде молда да, ер азаматым да, бізбен еріп келген жастар да таңдана қарап қалды. «Неге үй?» деп имам сұрады. «Ол үйде тек мен ғана емес, отбасымызбен тұрамыз» деп жауап қайттым. Күйеуімнің намысы жібермеген болса керек. Келісе кетті. Бірақ ол үйді уақыт өте екеулеп алдық. Жалғыз өзіне салмақ салмадым. Осы кезде ер азаматым қуанады, ол мешітте берген уәдесін орындау үшін тырысты. Нәтижесінде үйлі болдық, – деді Алмагүл.
«Қазан сұрадым»
Ерінің шамасы келсе де мәһр сыйының мөлшерін азайтып сұраған кейіпкеріміз де бар. Негізі бұл қалыңдықтың тектілігін көрсетеді.
Балдырған Мәмен, қала тұрғыны:
– Жыл аяқталар тұста бір-бірімізге, жақындарымызға сыйлық алу науқанын бастап кеттік. Сыйлық таңдап жүріп мына оқиға есіме түсіп кетті. Ер азаматым екеуміз некемізді қидыруға мешітке барғанымызда молда: «Мәһр сыйлығына не алғыңыз келеді?», – деп сұрады. Күйеуімнің қарындастары: «Бал тәте, бриллиант сұрасай», – деп жатыр. Ішімнен «шайтаным» түртіп, сұрасам ба екен деп қоямын. Сәл уақыт ойланып тұрдым да: «қазан», – деп жауап бердім. Молда қағыс естімедім бе дегендей: «қайталайсыз ба?», – деді таңырқай. Тағы да «қазан», – дедім. Жанымызда отырған достарымыз, туыстар бір сәт үндемей қалды. Молда жолдасыма қарап, «қарныңыз тоқ болса өзге айтқандарым орындалар деп отыр-ау», – деп әзілдеп күліп, батасын берді. Ер азаматым уәдесінде тұрып, қазан алып берді. Шүкір, содан бері сол қазанға тамақ істейміз. Бұл сыйлықты отбасымыздың берекесі деп білемін, – деді Балдырған. Жалпы кейіпкеріміздің жауаптарына тәнті болдық
Тілші түйіні:
Жоғарыда наиб имам айтып өткендей, Пайғамбарымыз «Әйелдердің ең жақсысы – мәһрі аз болғаны» – деген. Ол қыздың тектілігін көрсетеді, ал өте қымбат сыйлық сұрауда ашкөзділіктің белгісі. Сүйіп қосылған жұбайының шамадан тыс шашылуын болдырмай, сай қылып сұрағаны дұрыс. Шариғат заңы осы екен деп айды аспаннан бір-ақ шығаратын қаракөздердің көбейгені шынында да қынжылтарлық жайт. Дүние жиюдың емес, шаңыраққа жылу кіргізудің жайын ойласа, сүйіп қосылған жұбайы жарының бар тілегін орындауға асығады емес пе?! Қанағатты ұмытқан адам абырой мен құрметті де жоғалтатынын ұмытпасақ екен.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
Суреттер ашық дереккөздерден алынды
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!