Мәжіліс депутаттары пленарлық палатаның жалпы отырысында 2025 жылғы 26 қарашада «ҚР-дағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын қабылдап, оны Парламент Сенатына жолдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Құжат қорытындысында аталған заң жобасының басты мақсаттары мен міндеттері атап көрсетіледі:
- банк қызметін реттеу мен қадағалауды жетілдіру арқылы банк жүйесінің тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз ету;
- ашықтықты арттыру және тұтынушылардың құқықтарын қорғау стандарттарын сақтау есебінен азаматтардың банк жүйесіне деген сенімін нығайту;
- қолайлы жағдайлар жасау және банк қызметтерінің сапасын арттыру үшін адал бәсекелестікті дамытуды ынталандыру және қаржы нарығында инновацияларды дамыту.
Сондай-ақ заң жобасы:
- банктер ашу және лицензиялау тәртібіне қойылатынталаптарды кеңейтуге;
- банк қызметіне қойылатын талаптарды, банктерге рұқсат етілетін инвестициялық және өзге де қызметті белгілеуге, сондай-ақ еншілес ұйымдарды реттеуді жетілдіруге;
- банктерді корпоративтік басқару қағидаттарын айқындауға; исламдық банк қызметін кеңейтуге;
- банк қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қойылатын талаптарды жетілдіруге;
- төлемге қабілетсіз банкті реттеу тетіктерін дамытуға бағытталған нормаларды қамтиды.
Жұмыс тобы аясында депутаттар мыналарды:
- бір жеке тұлғаның бір уақытта бірнеше банкте кредит ресімдеуіне шектеу енгізуді;
- алғаш рет кредит алған кезде биометриялық сәйкестендіруді өту үшін қарыз алушының банкке жеке өзінің келуін;
- клиенттің келісімі болған және шығару кезінде міндетті биометриядан өткен кезде ғана банктердің электрондық цифрлық қолтаңба жасауы мен шығаруына жол беруді;
- жүйелік маңызы бар банкке қойылатын талаптарды күшейтуді және оның мемлекетке келтірілген шығындарды өтеуге қатысуын;
- қаржы технологияларын дамыту шеңберінде банктер мен олардың еншілес ұйымдарының инвестициялық қызметін кеңейтуді;
- азаматтарды алаяқтықтан қорғау және кредиттік скорингтің сапасын арттыру үшін жасанды интеллектіні пайдалануды;
- қаржы омбудсманының проблемалық берешекті реттеу кезінде тек қана жеке тұлғалардың дауларын шешу функцияларын бекітуді;
- қарыз алушының Қаржы омбудсманының ұжымдық реттеудің ақпараттық платформасы арқылы берешекті ұжымдық реттеуге жүгіну мүмкіндігін бекітуді көздейтін түзетулерді енгізді.
Сондай-ақ, депутаттар екінші оқылымда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
