Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы желіде банктік несие беру мәселелеріне қатысты манипуляциялық ақпараттың таралуы туралы ескертеді, – деп хабарлайды KAZINFORM
Желіде азаматтардың белгілі бір санаттары үшін «несие алу мүмкіндігі шектелетіні» туралы хабарламалардың белсенді таралуы тіркеліп жатыр.
— Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, өйткені несие беру туралы шешімді банктер әрқашан қарыз алушының төлем қабілеттілігін кешенді бағалау негізінде қабылдаған және қабылданады, — делінген хабарламада.
Ұлттық банктің мәліметінше, қазіргі уақытта белгіленген нормативтер, соның ішінде шекті мәні 0,5-ті құрайтын борыштық жүктеме коэффициенті қолданыста (Басқарманың 2025 жылғы 25 тамыздағы № 52 қаулысы). Ал борыштың табысқа қатынасы көрсеткіші қазіргі уақытта талдау сатысында және оның бекітілген мәні жоқ.
Реттеудегі өзгерістер кезең-кезеңімен енгізіледі және олар бойынша ресми түсіндірмелер беріледі.
— Әлеуметтік желілердегі үзілді-кесілді және үрей туғызатын сипаттағы жарияланымдар манипуляциялық мазмұнның айқын белгісі. Олар көбінесе жасанды дүрбелең тудыруға және күмәнді ақылы қызметтерді ұсынуға бағытталған.
Орталық азаматтарды мұндай ақпаратқа сын көзбен қарауға, деректерді тек ресми ақпарат көздерінен тексеруге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады, — делінген хабарламада.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
