Nestlé компаниясы Қазақстанда балалар тағамының жекелеген партияларын ерікті түрде кері қайтарып алу туралы шешім қабылдады. Ресми ақпарат компанияның сайтында жарияланды, – деп хабарлайды kursiv.media
Бұл қадам сыртқы жеткізушіден келетін шикізат сапасына бақылаудың күшейтілуіне байланысты қабылданған.
«Нестле Фуд Қазақстан» ЖШС Қазақстан аумағында балаларға арналған тағам өнімдерінің – құрғақ тез еритін сүтті және қышқыл сүтті қоспалардың, сондай-ақ емдік диеталық тағамға арналған аминқышқылдар негізіндегі құрғақ қоспалардың белгілі бір партияларын ерікті түрде кері қайтарып алады», – делінген компания хабарламасында.
Компанияның мәліметінше, бұл шара алдын алу сипатында және Nestlé компаниясының жаһандық деңгейде қабылдаған ерікті шешімінің бір бөлігі саналады. Шешімнің қабылдануына сыртқы жеткізушіден алынған арахидон қышқылында цереулид токсинінің болуы мүмкін деген ықтимал қауіптің анықталуы себеп болған.
Цереулид – бактериялық тектегі, ыдырауға төзімді тағамдық токсин. Ол тағам арқылы ағзаға түскен жағдайда тез улануға әкелуі мүмкін, көбіне жүрек айну мен құсу белгілері байқалады.
Компания өкілдері ингредиенттің мөлшері өте аз екенін, ал Қазақстанда тағам өнімдеріндегі цереулид мөлшері қалыпқа келтірілмегенін атап өтті. Соған қарамастан, тұтынушылар үшін ықтимал қауіптерді барынша азайту мақсатында осындай шешім қабылданған
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
