Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі туралы пікір білдірген Нұрлан имам Байжігітұлы мұндай жиындардың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ислам дінінің негізі – ауызбіршілік
«Жалпы жиынның пайдасы бар ма?» деген сұрақ жиі қойылады. Әлбетте бар. Біріншіден, сырттан келген қонақтардың өзі береке мен ырыс әкеледі. Екіншіден, әдетте бір-бірімен бас қоспайтын дін өкілдері бір жерде отырып сұхбаттасады. Әрбір дін қызметкерінің өз мемлекетінде артынан ерген қауымы бар. Сол себепті олардың сөзіне азды-көпті ықпал етері анық. Кейде күшпен шешілетін мәселелерді келісіммен шешуге дін өкілдері үлес қоса алады, – деді ол.
Имамның айтуынша, дін қай кезде де адамдарды бірлік пен ынтымаққа шақырған.
Біздің ата-бабамыздың салты да, ислам дінінің негізі де – ауызбіршілік. Сондықтан бұл съездің сөзсіз пайдасы бар. Тіпті ислам тарихында да әртүрлі сенім өкілдерінің бас қосып, келісімге келген тұстары кездеседі. Бұл – дәстүрлі тәжірибе, – деп атап өтті Нұрлан имам.
ЖИ ұстаздың орнын алмастыра алмайды
Ол сондай-ақ жасанды интеллект мәселесіне де тоқталды.
Жасанды интеллект – бүгінгі заманның талабы. Ол діни ақпарат көзі ретінде белгілі бір мағлұмат берсе де, ұстаздың орнын алмастыра алмайды. Себебі кейбір нәзік мәселелерді алгоритм шешпейді, оны дін қызметкерінің тікелей түсіндіруі қажет. Дегенмен кей жағдайда адамдарға дұрыс бағыт-бағдар беріп жатқанын да байқаймыз, – дейді.
Имамның сөзінше, мұндай съездердің басты құндылығы – мемлекеттердің дамуына қажет тыныштық пен тұрақтылыққа үлес қосуында.
Халық даналығы айтқандай, «ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады». Сол сияқты қақтығыстарды да бірден шешу мүмкін емес. Бірақ жиындар арқылы аз да болса татулыққа жол ашылады. Бұл – елдің, ұлттың, тіпті бүкіл адамзаттың бірлігі үшін қажет шара, – деді Нұрлан имам.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!