Елбасы биылғы саяси дода ерекше қарқын алғанын, сондай-ақ бұл бағытта Парламент пен жергілікті заң шығару органдардың жұмысын жетілдіруге басымдық беру керектігін айтты.
«Біз өзіміздің болашағымыз бен қазақстандықтардың өмірі өркендеп, жақсаруы үшін дауыс береміз. Биылғы сайлауға дайындық ерекше қолға алынып, алдын ала дауыс беру, яғни праймериз арқылы өтіп, оны мәслихаттар мен Мәжіліске жаңа адамдарды, әсіресе жастар мен әйелдерді, белсенді азаматтарымызды тарту үшін жүргізілді», деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сондай-ақ Елбасы қазақстандықтарды осы мүмкіндікті жібермей өз таңдауын жасауға шақырды.
«Осындай тұрақты саяси жағдайда әлемге ауызбірлігімізді көрсетіп, келешегіміз үшін дауыс беру – түпкілікті мақсатымыз. Дауыс беруге үлгермегендер болса, өздерінің конституциялық құқықтарын орындауға шақырамын. Президент ретінде алты рет сайлаудан өттім. Түрлі кезеңдер болғанын жақсы білесіздер. Бірнеше дағдарыстан өттік. 1998 жылғы оңтүстік-шығыс дағдарысы және 2007-2009 жылдар аралығындағы ауқымды қаржы дағдарысы. Қазір бүкіл әлемге тараған пандемия жағдайында тұрмыз. Алайда ұйымшылдық пен дер кезінде қабылданған мемлекеттік шаралар арқылы «жасыл» аймақ деңгейіне түстік. Демек, басқа мемлекеттерге қарағанда қауіпті сейілте алдық», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының айтуынша, қазір ең бастысы пандемияны еңсеріп, пандемиядан тұралаған экономиканы қалпына келтіру үшін көзделген жоспарларды орындауға кірісу қажет.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!