Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 23:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Парламенті Сенатының  депутаты, журналист-публицист, Қазақстанның Құрметті журналисі: «Ең бастысы – ар мен жан тазалығы»

28.06.2022

918 0

Қабілеті қарымды, ділмарлығы дарынды, жазушылығы жалынды журналист – Нұртөре Жүсіп. Қазіргі таңда ҚР Парламент Сенатының депутаты.  Ол – қазақ баспасөзінің қайталанбас қолтаңбасы. Мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалиннің сөзімен сабақтасақ, тәуелсіздік дәуірі тұсауын кескен, қанатты қаламгерлеріміздің қатарын сапалы тұрғыдан молайтқан, толықтырған сондай «төртінші биліктің» талантты өкілі. Әрі қысқа, әрі нұсқа жазады. Бір ерекше қасиеті кез келген мәселені көркем ой, кестелі тілмен жеткізе біледі.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында журналист-публи­цист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Нұртөре Байтілесұлымен емен-жарқын әңгімелескен едік. Қарымды қаламгермен жасаған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

– Аға, әңгіме әлқиссасын өзіңіз ту қадап, қоныс қылған  Сыр өңірінен бастасақ. Туған жер несімен қымбат?

– Туған жер – кез келген адамға ыстық мекен! Кіндігіңді кескен жер. Қазақ ер баланың кіндігін табалдырық астына, ал қыз баланың кіндігін алты қыр асырып көмген екен деген деректі оқыдым бір жерден. Сондағысы ер бала елге қорған болсын, қыз бала «жатжұрттық», өрісі кең болсын деген ниеттен туса керек.

– Бала Нұртөренің арманы қандай еді?

– Адам армансыз өмір сүре ала ма? Бала кезде түрлі арман болады. Тезірек өскің келеді. Әртүрлі мамандық таңдайды. Жас кезден қиялшыл болған тәріздімін. Бірінші сыныпқа барған жылы ауылдың жанында Шәулімше деген төбе бар. Қаратаудың бір сілемінен қалған төбе. Соған екі сыныптасымды ертіп көктемде барғаным бар. Жаңбыр құйып кетті. Достарым «кері қайтайық» дегенде бастапқы ойымнан айнымай, ақыры төбе басына көтерілдім. Олар да ерді. Содан бері қанша тауға шықтым. Қанша елде болдым. Шәулімшенің басына шыққандағы әсеріме жетпейді. Құдды Эвересті бағындырған альпенист сияқты бүкіл әлемнің биігіне шыққандай болып қанаттанып жүргенім бар.

– Шығармашылық жолға түсуіңізге не себеп немесе кім түрткі болды?

– Белгілі ғалым, танымал журналист Бауыржан Омарұлының мен туралы жазғаны «11-ші қаламұш» деген кітабында тұр. Газет оқырмандары сол кітапты тауып оқыса, менің жур­налистикаға қалай келгенім, не бітіргенім тайға таңба басқандай жазулы тұр.

– Журналистік жанрлар жайлы не айтасыз? Эссе, фельетон, репортаж тағы басқа да қандай салалар журналист қырын ашады?

– Бүгінгі журналистика «жанр» дегенді сақтай бермейді. Қазір теорияны сақтап жүр­гендер шамалы. Бәрі араласып кеткен. Кәсіби тұрғыдан алғанда очерк пен интервью жанрлары ең керектісі. «Пресс-релиздік» журналистика еш­кімді ұшпаққа шығармайды.

– Бұған дейін «Біз кімнен кембіз?», «Елес пен белес», «Мың құмырсқа және біз», «Жолыққан жандар» тағы басқа да публицистік жинақтарыңыз жарық көрді. Алдағы уақытта осы бағытта оқырмандарды қандай жаңалық күтіп тұр?

– Жюль Верннің «Патша шабарманы» атты романын қазақ тіліне аудардым. «Аждаха» деген детективті фантастика жанрын­да жазылған романым «Алтын қалам» бәйгесінде бас жүлдеге ие болды. Тағы бірнеше көркем туынды жарық көру кезегін күтіп тұр.

– «Мың құмырсқа және біз» атты еңбегіңізде мынандай жолдар бар. «Жер көлемі жағынан 9-орын алатын қазақтың жалпақ жерінде алшаң басып жүрміз десек те мұхит үстінде қалқыған құмырсқадан біздің айыр­мамыз қайсы?.. Біз де қалт-құлт етіп жаһанданудың жойқын толқынына жұтылып кете жаздап келе жатқан жоқпыз ба? Осыған өзіңіздің көз­қарасыңыз қандай?

– Сол көзқарас.

– БАҚ өкілдерінің мәртебесі туралы Сенат мінберінен мәселе көтеріп келесіз. Осы мәселе аяқсыз қалған жоқ па? Бұқара мұңын мұңдайтын бұқаралық ақпарат өкілдері үшін не өзекті?

– Аяқсыз қалған жоқ. Мемлекет басшысы биылғы жолдауында арнайы БАҚ туралы заң қабылдауды тапсырды. Қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жаңа заң­ның жобасын даярлап, қоғам талқысына ұсынып жатыр. БАҚ өкілдері үшін жалақы, қаламақы, баспана мәселесі өте өзекті. Әлеу­меттік жағынан қорғау мәселесі де маңызды. Осыларды бірінші кезекте шешу қажет.

– Парламент қабырғасында қандай мәселелер көтеріп келесіз?

– Сенатта бірнеше комитет бар. Солар­дың ішінде әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті – сан-салалы комитет. Осы комитеттің мүшесімін. Журналистік қыз­метте өзім жазған, көтерген мәселелердің дені осы аталған сала бойынша. Алғашқы депутаттық сауалым денсаулық мәселесіне арналды. Денсаулық сақтаудың Біртұтас жүйесі халыққа көрестілетін медициналық қызметтің сапасын жақсартуға, профилакти­калық шараларды кеңейтуге, дәрі-дәрмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында «Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 трил­лионнан астам теңге бөлінеді» деп мәлімдеді. Осындай мемлекеттік  қолдаудың арқасында қазір медицина саласының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарды. Емдеудің инновациялық технологиясы енгі­зіліп жатыр. 2011-2015 жылдарға  арнал­ған «Саламатты Қазақстан» және 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарла­маларының пайдасын халқымыз көріп отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда 230 мың медицина қызметкері бар, оның ішінде 70 мың дәрігер, 160 мыңнан астам орта медицина персоналы жұмыс істейді.

Әлем өзгерді: жаңа технология тез дамып жатыр, соған сәйкес қоғамның да сұраныс талабы артып отыр. Мыңдаған білікті дәрігер халқымыздың денсаулығын кірпік қақпай күзетіп тұрғанын да айтуымыз керек. Бірақ осы заманғы аппаратурасы бар ең жақсы материалдық-техникалық база дегеніңіз кәсі­би мамандарсыз, адам факторынсыз құр әшейін темір ғана болып қалмақ. Іс жүзінде онымен жұмыс істейтін мықты маман та­была бермейді. Күнделікті өмірде науқас адамды емдеуден бұрын диагнозды дәл қою мәселесінің өткір тұрғандығын көріп жүрміз. Диагноз дұрыс қойылмағандықтан оның арты қаншама қайғылы жағдайға душар етуде.

Жыл сайын медицина саласына  жоғары оқу орындарын бітірген жүздеген жас маман келеді. Солардың көбінің қажетті білімі мен дағдысы, дәрігерлік машығы нашар. Олардың көбі дербес жұмыс істеуге әзір бол­май шығады, операция столында бір сәт тұрып көрмеген, озық техникамен жұмыс істеуді білмейтін тәжірибесіз маманнан не күтуге болады? Тіпті иненің өзін дұрыс шанши алмайтындар кездеседі.

Тиісті салаға маманданбаған жоғары оқу орындарында дәрігерлерді даярлау ісіне жол беріп отырмыз. Елдегі бірқатар педаго­гикалық, жекеменшік университеттер дәрігер кадрларын оқытуға көшті. Басқа салада эксперимент жасауға болатын шығар, бірақ дәл медицина саласында мұндай эксперимент жасауға болмайды. Дәрігерлерді тек қана осы салаға бағдарланған, терең тарихы мен заманауи мүмкіндігі зор, бұрыннан қалыптасқан  университеттерде ғана оқыту қажет деп есептеймін.

Қазір біз бұрынғы кеңес кезінде кемел білім алған дәрігерлердің игілігін көріп отырмыз. Олар кеткеннен кейінгі жағдай қалай болады? Сондықтан, профильді  емес жоғары оқу орындарының жанынан меди­цина факультеттерін ашудың қандай қажет­тігі бар? Мұндай факультеттердің кли­ни­калық, қаржылық, ұйымдастырушылық мүмкіндік­тері қаншалықты? «Кадр тапшылығын жоя­мыз» деп жүріп, біліксіз кадрлар қаптап кетсе күні ертең кім жауап береді? – деген сұрақтарды көтердім. Бұдан басқа да ұлттық құндылықтар – кітап культін жасау, архив мәселесі, БАҚ қызметкерлерінің мәртебесі туралы тағы басқа да өзекті тақырыптарды көтеріп келемін.

– «Ұзақ жол алғашқы қадамнан бас­талады» деген сөз бар. Жаңа Қазақстан­нан не күтесіз? Және өзгерісті неден бастау керек?

– Менің жеке пікірім былай: бізге елдің тұтастығы маңызды, сондықтан «ескі» не­месе «жаңа» деген анықтауышты көп қол­данғым келмейді. Негізгі мәселе – Әділетті Қазақстанды құру! Тарихтан белгілі ғой, кез келген мемлекет даму жолында Темір­қазық етіп Әділет ұғымын ұстамаса, алыс­қа бармайды. Сондықтан Президент бастама­ларының барлығы Әділетті Қазақстан құру ниетінен туындап отыр деуге болады. Бұл – Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында ұстанған негізгі ұстаным­дарының бірі. Президент «Заң бәріне ортақ, оған биліктегі азаматтар да, қоғам бел­сенділері де бірдей бағынуға тиіс», – деп атап көрсетті. Мемлекет басшысы  Жолдауда «Өзгерісті өзімізден бастауымыз керек. Әр­бір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы  тиіс» деді. Өзгерісті әр адам өзінен бастауы қажет. Қоғамда өзгеріс болуы үшін әр адамның өмірінде өзгеріс болуы тиіс. Саяси өзгерістер азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық сипаттағы мәсе­ле­лерге дейін, яғни барлық деңгейде шешім қабылдауға дайын екенін көрсетіп отыр. Біз бұған дейін «қазақ демократияға дайын емес, саяси өзгерістерге уақыт керек» деген көзқараста болдық. Уақыт экономикалық реформалармен қатар саяси реформаларды қабат жүргізу қажеттігін айқындап берді.

– Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдағаныңызды білеміз. Онда «Оқы­маған адам – ойсыз. Мәдениетсіз адам – мисыз. Ойсыздар мен мисыздарды көбейткеннен еш мемлекет опа таппайды! Ұлттың интеллектуалдық потенциалын арттыру, бәсекелестік қабілетін күшейту, әлеуметтік және шығармашылық белсен­ділігін арттыру ісінде кітап оқу өте маңызды» деп атап өткен едіңіз. Осы сауалыңыздан кейін қандай қозғау болды?

– Депутаттық сауалым үлкен серпіліс әкелді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022-шы жылды «Балалар жылы» деп жа­рия­лады. Балалар әдебиетін дамытуға көңіл бөліне бастады. Ұлттық мәртебесі бар кітап­хана қызметкерлерінің жалақысы 75 про­центке көтерілетін болды. Бұл туралы жа­қында мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мырза мәлімдеді. Осының бәріне депуаттық сауалым түрткі болса керек.

– Қазақ елінің руханияты мен тіліне байланысты азаматтық көзқарасыңыз…

– Өзімнің жеке көзқарасым былай: Бізде бір мемлекет, бір ту, бір герб, бір гимн бар ма? Ендеше, түсінісетін тіліміз де бір болуы тиіс. Қолданатын қарпіміз де бір болуы керек.

Біздің елімізде «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алған жастар жетерлік. Әлихан айтқан «Елге қызмет етпей қоймаймын» деген сөзді осы он мың адамның қаншасы үлгі ретінде ұстанады деп ойлайсыз? Мен осы сұрақтың жауабын таба алмаймын. Иә, «Болашақ» – тамаша, үлкен бағдарлама. Шетел­дік жетістіктерді, ғылым-білімді қа­зақтың ыңғайына пайдаланудың оңтайлы жолы да осы – «Болашақ» бағдарламасы. Ендеше сол «Болашақпен» оқып келген азаматтардың ішінде мемлекеттік тілімді құр­меттеймін деп, қазақ тілінде таза сөйлейтін, жаза алатын, ойын толық жеткізуге қабілетті азамат саны қанша? Әлиханның сөзімен айтсақ, қазаққа қызмет ету – ұлтқа қызмет ету ғой. Мемлекеттік тілде жазып, сол тілге өмірін байлаған, сенімін, білімін, үмітін мемлекеттік тілмен қамшының өріміндей қатар өрген азаматтар осы топтан көбірек шықса деген тілек бар. Қазір жастар бұрын қазақ армандап, қолы жетпеген жер­лерге барып, білім алып жүр. Бірақ сол азаматтардың жүрегіндегі отаншылдық сезімі, ұлтын сүюі қандай деген сұраққа жауапты әлі бере алмай жатқан сияқтымыз. Ондай жауап табылса, біздің қоғамның алға жылжуынан, күнделікті тірліктен айқын көрінер еді.

– Ғылым мен мәдениетте, әдебиет пен өнерде қандай тұстарымыз жетіспей жатады?

– Ұлтқа қызмет етудің екінші қыры – ұлтты сүю. Осы күні ұлтын сүйген адамға ұлтшыл деп айып таға салады. Ұлтшыл деген сөзден қашып, ұлтжанды деген ұғым енгіздік. Адам итжанды болуы да мүмкін ғой. Ұлтжанды мен итжанды  деген сөзді қатар қойсаң, ұлтжанды деген сөздің қадірі кетіп қалады. Кез келген ұлтқа тиесілі азамат ұлтын сүймей тұра алмайды деп ойлаймын. Оған қызмет ету деген не? Ең бірінші – ұлт алдындағы адалдық. Елге адал болу, жерге адал  болу, тілге адал болу, мемлекетке адал болу, ісіңе адал болу – сенің ұлтқа қызметің. Екінші – тазалық. Коррупция деген сөзді сыбайлас жемқорлық деп аударып алдық қой. Меніңше, коррупцияның аясы сыбайлас жемқорлықпен ғана шектелмейді. Міне, коррупциядан құтылу үшін әр азаматтың таза болмағы маңызды. Қазақ өкіметін ұзақ жыл басқарған Нұртас Оңдасынов «Біріншіден, қаншама жыл қолымда билік болса да, біреуден бір тиын да пара алмадым – Қолым таза! Екіншіден, үштіктің бірі болып, біреу­дің сыртынан қол қойған емеспін, яғни ешкімнің қаны мойнымда жоқ – Арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген де, тіпті ешкімнің ешқашан жүзін сұраған да емеспін – Жүзім таза!» дейді. Нұртас Оңдасыновтың тазалыққа қатысты осы үш өлшемі бәріміздің қаперімізде тұратын дүние. Осы үш сөз қазаққа қызмет етудің негізгі тетігі дер едім.

– Міржақып Дулатұлының «Қай ұлттың баспасөзі мықты болса, сол ұлттың өзі де мықты», деген сөзі бар. Сіз үшін ХХІ ғасыр журналистері қандай қасиеттерге ие болуы керек?

– Осы күні газеттің болашағы жоқ дейтін, баспасөздің тағдырын бір ауыз сөзі­мен кесіп-пішіп, шешіп қоятындардың қатары көбейді. Осындай «болжамды» естіп келе жатқанымызға біраз болды. Тіпті құлақ сарси бастады. Интернет келгелі газеттер өмір сүруін тоқтатады, оның орнын әлеуметтік желі, смартфон басады деген пікірді естіп келеміз. Алайда технологиялық тұрғыдан алға кеткен Жапонияңыз да, Оңтүстік Кореяңыз да, көрші Қытай да газеттерін өртеп тастаған жоқ қой. Олар оқу мәдениетін жоғалтқан жоқ. Бізге керегі оқу мәдениеті емес пе? Оқуға, білімге деген қазақтың құштарлығы ХІХ ғасырда Ыбырай, Шоқандар, Абайлардан басталып, ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандарымен жалғасқанын бәрі біледі. Қай елді алсаңыз да кітап, газет, журнал оқу – мәдениетті адам болудың бір белгісі.

Иә, қазір газеттердің шығыны көп деген көзқарас бар. Газет-журнал шығаруға жұмса­ла­тын қаражат бір күнде қайтарым бермейді. Бұл – ұлттың ішкі қуатын күшейтетін дәрі іспеттес нәрсе. Иммунитет деген бар ғой. Ұлттық басылымдар – ұлттың иммунитеті! Күнделікті тұтынасыз, қолданасыз. Қар­ныңыз ашса – нан жейсіз, тамақ ішесіз. Ал рухани тұрғыдан азықты кім береді? Ұлттық басылымдарға ұлт дәрумені ретінде қарау қажет. Сізге айтайын, газет шығарудың бірнеше бағыты бар ғой. Ақпараттық бағыт дәл қазір газеттердің негізгі тақырыбына айналмауы керек. Өйткені қазір ақпаратпен ешкімді таңдандыра алмайсыз. Бұрын га­зеттің алдын телевидение, радио орап кететін. Қазір телеарналардың өзі онлайн режимде жұмыс істей бастады. Ақпараттың жылдам таралуына ештеңе кедергі болмай отырған бүгінгі күні тек қана жаңалықпен оқырманды баурай алмайсыз.

Ендігі бағыт қандай болады? Ол – ағар­ту­шылық  бағыт. Экономикалық, қаржылық сауатқа қатысты әлі күнге дейін көтерілме­ген мәселе қаншама? Бюджет, ақшаның құн­сыздануы, инфляция, стагнация,  биржа­лық бағамдардың өзгеруі, мұнай, алтын, халықаралық қор биржасындағы бағаның қалай түзіліп, қалай құбылатыны, оған қа­тысты валюта бағамдарының өзгеруі кәсіпкер үшін де, тіршілігін жүргізіп отырған адамдар үшін де маңызды. Бұл экономикалық тұрғыдан айтып отырған мысалым ғана. Ғылым, білімде де, даму мәселелерінде қоз­ғалуға тиіс жайттар шаш-етектен. Тағы бір мәселе, осы кезге дейін ақпараттың кө­бін негізінен, орыс тілінен алып келдік. Бұл күнде ағылшын тілін меңгерген қазақ жас­тары көбейді. Әлемдік, халықаралық жағ­дайларды сол тілдегі ақпарат көздерінен тіке­­лей алып,  талдап,  халыққа ұсынсақ ұтарымыз көп.

Бұл орайда танымдық бағытты да естен шығармаған абзал. Оның ішінде тарихқа, руханиятқа, мәдениетке, өнерге, әдебиетке, психологияға қатысты салалардың бәрі де оқырман үшін өзекті. Тарихи тұлғаның бел­гілі-белгісіз деректері де газет оқырман­дары үшін аса маңызды ғой. Ілияс Жансүгіров­тің он сегіз қолжазбасы табылып, жарық көргенін жыл басында айтып, жазып жатты. Солардың әрқайсысын неге талдап жазбасқа?

Гамлеттің сөзімен айтқанда қазақ газет­терінің жағдайы «Болу, не бордай тозу» деген мәселеге тірелгендей. Бұл жайтты өзіміздің құзырлы министрлік те түсініп, бағамдап жатқан тәрізді. Министр Дәурен Абаевтың мәлімдеуінше, бұрын санға мән берілсе, енді сапаға көңіл бөлінеді. Демек, ендігі таңда  баспасөздің контенті уақыт талабына қарай өзгереді. Сапалық өлшемдермен өзгеріс жасалса, газеттердің де ғұмыр жасы ұзарады.

Сайтқа қатысты да өз ойымды білдіре кетейін. Қазақстандағы кез келген сайттың алғашқы бетін ашып қарасаңыз, бәрінде ұқсас тақырып, бәрінде бірдей оқиға. Осы қызық па? Тұтынушы бір емес, бірнеше дереккөзден ақпарат алуға тырысады. Са­лыстырып қарайды. Бір-бірінен көшіріп алған ақпаратпен ұзаққа бар алмаймыз. Газеттің ұтатын жері қайсы? Газет түрлі дерек, ақпарат, мәлімет атаулының барлығын сүзгіден, тексерістен өткізіп жариялайды. Мәселені жан-жақты, толық зерттеп барып көпшілікке ұсынады. Осы жерде сайттардың әлсіз тұсын да айта кетейін. Вирустың, тех­никалық ақаулардың салдарынан тұтас ұжымның бірнеше жылғы еңбегі бір күнде жоқ болуы мүмкін. Архивті сақтау, мұрағат материалдарын сақтандыру мәселесі бізде өте қорғансыз деуге болады. Өткен жылдың соңында «Айқынның» архиві ұшып кетті деп естідім, жаным ауырды. Онда  күллі ұжымның жанын салып жасаған, жазған, көтерген еңбегі, жазбаша контентпен қоса, бейнежазба, аудиожазба да сақтаулы еді ғой. Жинақталған дүние бір сәтте жоқ болып кетті. Сонда не болды? Есіл еңбек желге ұшқанмен бірдей емес пе? Ал газетті жүз жылдан кейін де тауып аласыз. Өзі сарғайса да сөзі сарғаймайды.

Егер өркениетті елдің көшінде боламыз десек, ол өркениетке кітап, газет, журнал бізбен бірге еріп барады. Жас толқын оларды тастап, өз жолымызды табамыз десе, бұл қателіктің жолы деп есептеймін.

– Қазір қандай кітап оқып жүрсіз?

– Өзіме ұнаған орыс және шетел ақын­дарының өлеңдерін оқып, арасында қазақ­шаға аударып жүрмін.

– Бала тәрбиесінде нені бағдар етуіміз керек?

– Бізде осы ЖАУАПКЕРШІЛІК деген нәрсе жетіспейді. Қоғамның дерті – жауапсыздықта. Баланы жауапкершілікке тәрбиелеу керек.

– Сіз басқа адам болсаңыз, Нұртөремен дос болар ма едіңіз?

– Өле-өлгенше жабысып, жанынан қалмас едім.

– Жастардың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?

– Кезінде «Капитализмнің құлағы керең» деген мақала жазған едім. Капиталистік жүйе көптің үнін естімейді. Қазақтың «Жалғыз­дың үні шықпайды, жаяудың шаңы шықпай­ды» дейтін мақалы тура сол жағдайға дәл келе­ді. Құлағы естімейтін адам қандай бола­ды? Дойыр, жұлымыр, қатыгез, дөкір боп келеді. Ал бүкіл қоғам сондай қалыпқа түскенде не болады? Сұлтан-Махмұт Торайғыров айтқандай «нақақ көзден жас төгіледі». Адалдық, жан тазалығы деген қасиетті ұғымдар тәрк етілгенде қатыгездіктің қара шыбығы қылтиып шығып, қаулап өседі. Қылмыстың неше түрінің өршуі соның салдарынан. Осы күні «пәлен адам қаза болыпты» десе ешкім елең етпейтін жағ­дайға жеттік. Бұл үйреншікті нәрсе сияқ­ты қабылданады. Қазақтың «Малым – жа­нымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген сөзі бар. Жанды да, арды да малының садағасына байлаған жандар аз емес. Сонда тапқан малы жанын сақтап қала ала ма? Былғанған арын ақтап ала алар ма? Жастардың бойында Ар мен Жан тазалығы болуы керек!

– Мереке қарсаңында журналистерге айтар лебізіңіз?

– Жазыңдар! Оқыңдар! Ойланыңдар! Ең бастысы Адам ретінде аман болыңдар!

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: