Сейсенбі, 26 қараша, 06:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

О, махаббат, сен әлі тірі ме едің?

16.04.2022

2637 0

Әлемді махаббат қана құтқарады. Махаббатадам жүрегін нұрлы қуанышқа бөлеп, рухына қанат бітіретін ең күшті, ең тұрақты, ең асқақ сүйіспеншілік сезімі. Елімізде 15 сәуірҚозы КөрпешБаян сұлу күні ретінде мереке болып аталып келеді. Соңғы жылдары бұл күнді жастар тойлап жүр. Жастарды сүйіспеншілік, адалдық сияқты қасиеттермен ішкі рухани тазалыққа ден қойып, адами сезімдерді қалыптастыруды мақсат еткен бұл мерекенің айтарлықтай орны бар. Осы мереке қарсаңында жұртшылыққа сауал тастап, мерекеге байланысты пікірлерін білген едік

1. 15-сәуір ғашықтар күнін тойлайсыз ба? Мерекенің маңызы бар ма

2. Сіздіңше ғашықтықмахаббат деген не

3. Қазіргі уақытта жастар арасында қызға ұсыныс жасарда, қыздың алдында тізерлеу сәнге айналды. Осы көрініске пікіріңіз?

4. Махаббат немесе мансап. Екеуінің біреуін таңдау қажет болса

Болатбек Мырзағалиұлы, 42 жаста:

1. Жас кезімізде «Валентин күнін» атап өтетінбіз. Қазір 15 сәуір – Ғашықтар күні деп белгіленгенін естіп жүрміз. Жастар тойлайтын шығар.  Отбасы­мызбен атап өтпесек де, келіншегіме сыйлық жасаймын. Әйел-ана барлық құрметке лайық.

2. Ғашық болу – уақытша құмарлық. Осы кезеңнен өткендер нағыз махаббатқа ауысады. Шынайы махаббат уақыт өте келе қалыптасады және дамиды. Сіз серіктесіңізді жақыннан тани бастайсыз, өмірді бірге сүруге құлшыныс болады. Барлық кемшіліктерді шын сезім арқылы жеңіп, қарым-қатынас өмір бойы сақталады. Біз де ғашықтық кезеңнен өтіп, махаббатқа жалғасып жатырмыз. Шүкір 2 баламыз бар.  Осылайша балаға, отбасыға деген сезімдер нығая түседі. Бүкіл әлемді өзіне бағындырған ұлы күш иесі – бұл махаббат.

3. Қыздың алдында тізерлеу кейін сәнге шықты ғой. Ондай жағдайларды көріп жүрміз. Дегенмен қазақ жігіттері намысшыл ғой. Басты ие беруге болмайды деген ойдамын. Негізі, ақылды қыз ер азаматты өз алдына тізе бүктіртпейді. 

4. Егер махаббат үстемдік етсе, мансаптық жеңістерден бас тарту қажет. Мансап пен отбасы­ның арасында қалатындай жағдай болса, отбасын таңдаған дұрыс. Мансап кез келген уақытта аяқ­талады. Белгісіз жерден күйіп кетуіңіз мүмкін. Ал отбасын сақтай отырып, түрлі жағдайда жетістікке жетуге мүмкіндік бар. Қалай да екі жарты бір бүтін болып, биікке талпынуға болады.

Гүлзат Маратқызы, педагог-психолог:

1. Мерекені тойламаймыз. Әрбір адам өз сүйгеніне жылы сөз айту үшін белгілі бір күнді күтуі қажет емес. Шын ғашықтар әрбір күнді мереке ете алады. Егер де осы күнді белгілеп, мереке етіп жатса қарсылығым жоқ.  Тек оның бағытын бұру керек. Мұны отбасылы жандар арасында тойлауды қалыптастыру қажет. Шын махаббаттың көрінісін балаларына көрсетіп, шынайы сезімдерін білдіріп отырады. Бала да бір-бірін жақсы көретін ата-анасы бар екенін көріп қуанады. Баланың өз-өзіне деген сенімі пайда болады. Ал соны тойлап, дабыра қылып жүрген жастар терең мағынасын түсініп жатыр ма?

2. Ғашықтық тұрақты болса махабат қалып­тасады. Ал махаббат – үйлесім, түсінік, сүйіс­пеншілік, құрмет.

3.  Қыз алдында тізерлеп отырып ұсыныс жа­сайтын көрініске қарсымын. Жастардың елік­теушілігі деп білемін.

4. Махаббатты таңдаймын, махаббат әр нәрсенің бастауы деп білемін, махаббатпен жасалған дүниеде нәтиже бар. Мансапқа содан кейін де қол жеткізуге болады.

Шапағат Сейітқасым, 29 жаста:

1. Жоқ, тойламаймын. Біз үшін аса қатты маңызы жоқ. Сосын «дәл осы күнді тойламадық, күйеуім немесе жігітім гүл әпермеді» деп ренжіп жүретіндерге таң қаламын. Ең бастысы бір-біріне деген сыйластық. Жақсы көру. Ал жақсы көретін адам мерекесіз де сыйлық сыйлай алады.

2. Ғашықтық – махаббаттың жемісі. Ғашық­тық – ұнату, жақсы көру, бауыр басу ойлау. Бұл ғашық болған жанның басынан өтетін керемет сезім. Осы сезім нәтижесі махаббат. Махаббат – сезім, сыйластық түсіністік.

3. Құптамаймын. Мен үшін ерсі қылық. Ер азамат атына сай жасау керек деген ойдамын. Негізі қазақта мұндай дәстүр болмаған. Бүгінде сәнге айналып барады. Есте қаларлықтай сипатта болғанымен тізе  бүгіп, ұсыныс жасау – артықтау деп білемін. Шынайы сезімін жеткізудің басқа да тәсілдерін жасауға болады. Ер адам әркез жоғары сатыдан көрінуі тиіс.

4. Махаббатты таңдар едім. Махаббатсыз еш­теңенің мәні жоқ.  Адам өмірге келген соң атақ пен мансап қуу үшін емес, ұрпақ сүйіп артынан із қал­дыру үшін келеді деген түсініктемін. Барлығы уақыттың еншісінде екенін ұмытпау керек.

Нұртуған Батырбайұлы, 28 жаста:

1. Бір күн ғашықтар күні деп белгіленгені дұрыс қой. Отбасылы жандар бір-біріне көңіл бөліп, сыйлық жасайды. Атап өтіп, тойлау мақсат емес. Сондай күннің бар екенін ескеріп, бір-біріне жылы көңіл танытып, сыйластық білдірсе жетіп жатқан сияқты. Әйтпесе, тіршіліктің қамымен жүріп, көңіл аударуға уақыт та бола бермейді. Ал бойдақтар тойлап, сыйлықтарын жасап жатқанын көріп жүрміз. «Махаббатсыз дүние бос» деген ғой. Жылына бір рет осы күнге уақыт арнап, ерлі-зайыптылар бір-біріне көңіл білдіргеннің еш әбестігі жоқ деп ойлаймын.

2. Ғашықтық басқа, махаббат бөлек дер едім. Жастықтың буымен қаншама қыз-жігіттер бір-біріне ғашық болып қалып жатады. Алайда оның уақытша екендігін байқап жүрміз. Ара-тұра ғана бір рет ғашық болып, сүйгеніне қосылғандар кездесетін шығар. Дегенмен ұлы махаббат үйленгеннен кейін басталатын секілді. Отау құрғаннан бастап махаббаттың сынағы басталады. Сол сынақтарға төзіп, жеңе білген жандар арасында нағыз махаббат бар деп есептеймін. Адамгершілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, сыйластық, патриоттық сезім және де барша сезімдердің түпқазығы – махаббат.  

3. Жігіттің қыздың алдында тізерлеп тұрып, «Маған тұрмысқа шықшы» – деп өтініш жасауы қазақ жігітіне үлкен сын. Менің пікірім қыздарға ұнамауы мүмкін. Бірақ мен олай ұсыныс жасамас едім. Себебі ер адам әйел затынан қашан да бір саты жоғары тұрады. «Оның несі айып?» дейтіндер бар. Арамызда да тізерлеп ұсыныс жасағанын мақтаныш қылатын жігіттер жетеді. Бұл нағыз «романтика» дейді-мыс. Дәл осылай ұсыныс жасау жігіттің ерсі қылығы. Қыздың алдында тізерлемей-ақ шынайы сезімін көрсетуге болады.

4. Бұл туралы әлі ойланбаппын. Шын жақсы көретін қыз болса, қандай жұмыс болса да шыдайды деген ойдамын. Бірақ та қазіргі уақытта қыздардың көбі жігіттің жұмысына, машинасына қарайтыны жасырын емес. Мұндайды есеппен үйлену дейді. Ал жақсы көру, шынайы сезім болса жігіттің мансабына, ақшасына қарамас еді. Махаббат адамды барлығына үйретеді. Екеуі бір болса, биік мансапқа жетуге болады.

P.S. «Махаббат деген қандайды, қарасаң көзің тоймайды» деген өлең жолдарындағыдай шынайы сезімнің қашан да орны бөлек. Дегенмен сауалнама барысында «Махаббаттан басқа тақырып жоқ па? Махаббат деген – бала-шаға» деп пікір айтқандар да болды. Демек махаббат мәселесіне көңіл бөлмей, өмірдің ағымымен өз өмірін сүріп жатқандар да бар. Иә, махаббат деген қарусыз майдан». Осы майданда жеңіске жетіп ғашық жандарға бақытты болу бұйырсын.

Сауалнаманы жүргізген Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: