Жұма, 27 желтоқсан, 17:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Облыс әкімі «халық берекесі» әлеуметтік жобасымен танысты

01.03.2021

6963 0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Халық» және «Береке» қайырымдылық қорлары ұсынған «Халық берекесі» әлеуметтік жобасымен танысты. Кездесуде облыс әкіміне «Халық» қайырымдылық қорының директоры Сағынбек Шункеев пен «Береке» қайырымдылық қорының басшысы Бағдаш Сүлейменов әлеуметтік жобаның маңыздылығын баяндады.

Аймақ басшысы Сыр еліне келген құрметті меймандарға алғыс айтып, ынтымақтастық әріптестік аясындағы жаңа жобалардың маңызы зор екенін атап өтті.

– Сіздер ұсынған «Халық берекесі» әлеуметтік жобасы көмекке мұқтаж отбасыларды «дағдарыс» жағдайынан шығаруға мүмкіндік береді. Барлық аймақтағыдай осы көмекті қажет ететін отбасылар бізде де бар. Сондықтан халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған бұл жобаның жүзеге асуын біз қолдаймыз. Сіздердің осындай оң бастамаларыңыз үшін алғыс айта отырып, бұл жобаны бірлесіп, ел игілігі үшін соңына дейін жеткіземіз деп сенемін,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

«Халық берекесі» жобасы 3 бағытта іске аспақ. Мәселен, «Тұрғын үй бағдарламасы» бойынша әлеуметтік көмек алуға келісім жасау арқылы баспанаға мұқтаж отбасыларға 1-3 жылға дейін уақытша негізде тұрғын үй беріледі. Яғни, жоба аясында Қызылорда қаласынан 12 пәтерлік екі үй салынады деп жоспарлануда. Ал, «Қосымша білім беру» бағыты мектеп жасына дейінгі балаларға өмірлік дағдыларды үйрету, жасөспірімдерге арналған курстарды оқытуды көздейді. «Отбасыларды әлеуметтік бейімдеу» бағыты арқылы өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды әлеуметтік бейімдеуге қажетті түрлі көмектер көрсетуге мүмкіндік ұсынады.

Бүгінгі күні өңірде белсенді азаматтардың бастамасымен түрлі деңгейдегі әлеуметтік жобалар іске асып, әлеуметтік мұқтаж отбасына көмектер көрсетіліп келеді. Айталық, 2019 жылы табысы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешуге байланысты облыс әкімдігінің бастамасымен «Болат Өтемұратов Қоры» қаражаты есебінен 100 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Сонымен қатар, 2020 жылы жеке шаруашылық және кәсіпорындар есебінен, жастар бірлестіктері бастамасымен «Асар» әдісімен аз қамтылған көп балалы 20 отбасы тұрғын үйге қол жеткізді.

Кездесу соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова мен Қызылорда қаласы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Бектас Нуридиновке әлеуметтік жобаны үйлестіру жұмыстарын әрі қарай жүргізу үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: