Жексенбі, 24 қараша, 08:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев: «Ауылға барынша қаржы тарту керек»

01.06.2023

1367 0

Н.НӘЛІБАЕВ: «АУЫЛҒА БАРЫНША ҚАРЖЫ ТАРТУ ҚАЖЕТ»

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапары аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізді. Жиында Шиелі ауданына қарасты кент және ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен алдағы даму жоспарлары қаралды. Оған барлық құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық басқармалар мен аудандық бөлiм басшылары, аудандағы ауылдық округ әкiмдерiқатысты.

Шиелі ауданында ауыл шаруашылығы, өнім өңдеу, кәсіпкерлік, т.б салалардың дамуына қолайлы жағдай бар. Ауданға қарасты ауылдар орталыққа, үлкен жолға жақын орналасқан.

«2022 жылдың қорытындысымен аудандар мен Қызылорда қаласы бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер рейтингінде Шиелі ауданы 3-ші орынға тұрақтап, дамудың оң көрсеткішін көрсетті. Өнеркәсіп кәсіпорындары 69,3 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, 2021 жылмен салыстырғанда 14,7 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 36,1 млрд. теңге болды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 176,3 пайызды құрады. Биылғы қаңтар-сәуір айларында 21,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 9,4 млрд. теңге инвестиция салынған», – деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы аудан әкіміне бірқатар міндеттер жүктеп, жұмыстың негізгі бағыты халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға арналуы тиіс екенін айтты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бастау алғалы Ақтоған ауылдық округіне қарасты Досбол би, Жиделіарық, Жөлек, Телікөл ауылдық округіне қарасты Тәжібаев елді мекендеріне мүлде қаржы қаралмаған. Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2025 жылы спутникті ауылдарды қаржыландыру тоқтауы мүмкін. Жоғарыда аталған ауылдар спутникті және тіректі елді мекендер тізімінде бола тұра, мемлекеттің мүмкіндіктерін дер кезінде пайдаланбаған.

«Ауыл аманаты» жобасына да Алмалы, Қарғалы, және Иіркөл ауылдық округтері ғана қатысқан. Аймақ басшысы мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың ауылды дамыту мақсатын көздегенін, әр ауылдың мүмкіндіктері мен өркендеу жолы, түйткілді мәселелері үнемі бақылау мен қадағалауда екенін айтты. Елді мекендерге қаржы тартудың тиімді тетіктерін табу әкімдердің іскерлігі мен жұмыстың көзін таба білуіне байланысты.

Аймақ басшысы ауылдық округ әкімдеріне өзіне жүктелген міндетке адал болуды, қарамағындағы ауылдың болашағына жанашырлық танытуды тапсырды. Жұмыс қарқынын бүгінгіден де күшейтіп, елді мекендерді дамытуға бағытталған тиімді жобаларды ұсыну қажеттігін еске салды. Мұнан бөлек, аудан әкімі Нұржан Ахатовқа экономиканың тірегі – кәсіпкерлікті қолдау, тұрғындар мен жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту туралы тапсырмалар берілді. Кәсіп бастауға бастама көтерген азаматтардың әкімдік тарапынан қолдау табуы өте маңызды. Сондай-ақ жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігін бақылау, қылмыспен күрес назардан тыс қалмауы керек.

Ендігі жерде жыл қорытындысымен төмен көрсеткіш көрсеткен ауыл әкімдеріне қатысты кадрлық шешім қабылданады.

Тиісінше жоғары нәтижеге жеткен әкімдерге ынталандыру шаралары қарастырылады. Сондықтан әрбір әкім елді мекендегі жұмыссыздар санын азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, табыс көзін арттыруға баса мән беруі керек.

Облыс әкімі аудандағы қылмыстардың ашылу деңгейі төмен екенін айтты. Осы көрсеткішті талдап, кейбір елді мекендердегі ахуалға қатысты тапсырмалар жүктеді. Қоғамдық және ардагерлер кеңестерінде жағдай жан-жақты талқыланып, әділ баға берілуі тиіс. Ауылдардағы қылмысты болдырмау және алдын алу үшін құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстар үздіксіз жүргізілуі керек.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: