Бейсенбі, 28 қараша, 11:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Облыс әкімі Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойымен құттықтады

05.10.2021

945 0

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Қазақ Радиолары» ЖШС Бас редакторы «Қазақ радиосы» радиоарнасының директоры Дулат Абибуллаев және «Қазақ радиолары» ЖШС Стратегиялық дамыту қызметінің жетекшісі Мұхамедияр Рашаймен кездесті.

Басқосуда облыс әкімі «Радио күні» кәсіби мерекесінің сала қызметкерлері мен ардагерлер үшін және радиосүйер қауым үшін айтулы мереке екенін атап өтіп, радио саласы мамандарын құттықтады.

– Сіздерді Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойымен және Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен биылдан бастап алғаш рет аталып өтіп жатқан 1 қазан – Радио қызметкерлері күні мерекесімен Сыр жұртшылығы атынан шын жүректен құттықтаймын! Кәсіби мерекенің 1 қазанда атап өтудің символдық мәні бар. Өйткені тура 100 жыл бұрын дәл осы күні ұлттық радиомыз қазақ даласына алғаш рет хабар таратқан болатын, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыс әкімі сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен Қазақ радиосының тарихы тығыз байланысты екенін айта келе қаладан Қазақ радиосы көшесін ашу жайлы бастаманы қолдағанын жеткізді. Сонымен қатар Әміре Қашаубаев, Жұмат Шанин, Ахмет Жұбанов, Шәкен Айманов, Шәмші Қалдыаяқов, Мұқағали Мақатаев, Ермек Серкебаев секілді биік тұлғалар қызмет еткен ұлттық радио бүгінде заманға сай жаңа белеске иек артқанын айтты.

Айта кету керек, биыл Қызылорда облыстық әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен шешімі негізінде Қызылорда қаласында Қазақ радиосы көшесі ашылды.

Дулат Абибуллаев өз кезегінде көрсетілген құрметке алғысын жеткізіп, Қазақ радиосы 1925-1931 жылдар аралығында Қызылорда қаласынан ақпарат таратқанын, бұл кезең радио шежіресінің маңызды бастау белесі болғанын тілге тиек етті.

Ал, Мұхамедияр Рашай Қазақ радиосының тарихына тоқталып, Сыр елінде таспаланған радиохабарлардың қоры қалыптасқанын жеткізді.

Басқосу барысында облыс әкіміне 100 жылдық мерейтойға орай қазақ әдебиетінің алтын қоры жинақталған кітап, радионың алғашқы жылдарында қызмет еткен алыптар шоғырының дауысы, салт-дәстүр, батырлар жыры мен ертегілер енгізілген аудиотаспа және радиотаратқыш құрал сыйға тартылды.

Қазір қазақ радиосы эфирінен Сыр өңірінің тыныс-тіршілігін жеткізетін «Ақмешіт ақпарат» апталық хабары тұрақты шығып келеді. Аймақ басшысы мен радиоарна директоры алдағы уақытта шығармашылық әріптестікті әрі қарай жалғастыру жайын да талқылады.

Еске салайық, өткен жылы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақ радиосына сұхбат беріп, Сыр елінің дамуы мен алдағы жоспарымен бөлісті.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: