Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 07:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Облыс әкімі ҚР Ауыл шаруашылығы академиясымен келісім жасады

07.11.2023

628 0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Қызылорда облысы әкімдігі және ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым Академиясы арасында агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми-инновациялық дамыту жөніндегі ынтымақтастық келісіміне қол қою рәсімі өтті. Келісім аясында өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы шаралар атқарылмақ.

Рәсімге ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым Академиясының президенті Тілектес Есполов арнайы қатысты. Аймақ басшысы аграрлық сала облыс экономикасының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтіп, Академия ғалымдарына тиімді әріптестік орнатуға ниет білдіргені үшін алғыс айтты.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет», – деген болатын. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда ғылыми-зерттеу институттарының рөлі ерекше. Қазір аймақта Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметіне басымдық беріліп келеді. Біз ауыл шаруашылығы ұйымдарымен тығыз жұмыс жасап, оларға қолдау білдіруге дайынбыз. Бүгінгі ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым Академиясымен ынтымақтастық туралы келісімнің өзі – соның бір айғағы. Алдағы уақытта да өңірдің ауылшаруашылығы саласын дамыту бағытында бірлескен шаралар атқаратын боламыз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Өз кезегінде, Тілектес Есполов өзара ынтымақтастық Сыр өңіріндегі егін шаруашылығының одан әрі өркендеуіне серпін беретініне сенім білдірді.

«Соңғы жылдары Қызылорда облысы жақсы жобаларды, бастамаларды іске асырып келеді. Қазіргі таңда өңірдің инфрақұрылымы мен экономикасы артуда. Ауыл шаруашылығымен 13 мыңнан астам агроқұрылым айналысады, соның ішінде 97 пайызы – жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары. Бұл – Қазақстандағы күріш өсіруге мамандандырылған бірден-бір аймақ», – деді Академия президенті.

Кездесуде Қазақстанның Еңбек ері, «Таң ЛТД» шаруа қожалығының директоры Имамзада Шағыртаев, ғалымдар Нұрлан Балғабаев, Теміржан Айтбаев, Бахытжан Дүйсенбеков, Серікбай Өмірзақов өз пікірлерімен бөлісті.

Айта кетейік, соңғы 3 жылдың ішінде ауыл шаруашылығының негізгі қорына 32,7 млрд теңге инвестиция салынды. Осы жылы жалпы құны 7,9 млрд.теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Егістікті әртараптандыру әрі күріш өнімділігін арттыру үшін аймақтың күрделі климаттық жағдайына бейімделген жаңа сорттарды өндіріске енгізудің маңызы зор. Украиналық және қытайлық селекционерлермен аймақтың жағдайына бейімделген жаңа қарқынды сорттарды өсіру және енгізу туралы келісімге қол жеткізілді. Қазіргі уақытта 3 украин сортын («Виконт», «Премиум», «Маршал») аудандастыру жұмыстары жүргізілуде. Ресейдің «Яхонт», «Патриот» жаңа сорттары сынақтан өтуде. Биыл жаңа сорттардан әр гектарынан орташа 70-75 центнерден өнім алынды. Сондай-ақ, мал азықтық жоңышқа, майлы дақылдар мен картоп, көкөніс көлемін одан әрі арттыру қажет. Биыл бұл дақылдар 93,5 мың гектар жерге егілсе, келер жылы оның көлемі 101 мың гектарға жеткізілмек. Суды үнемдеп пайдалану үшін тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерін кеңінен қолдану жоспарлануда.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Облыс әкімі ҚР Ауыл шаруашылығы академиясымен келісім жасады

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: