Қармақшы ауданына жұмыс сапарынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына барып, бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.
Ең әуелі Ақжарма ауылдық округінде орналасқан «Ақжарма и К» фермер қожалығының күріш ақтау цехына және мамандарына арналып салынған тұрғын үйлерді көрді. Мұнда мамандар тәулігіне 60 тонна күріш ақтайды. 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Қожалықты жеке кәсіпкер Қайрат Нұрсейітов өз қаражаты есебінен салған. Кәсіпорында жұмыс істейтін мамандарға арналған тұрғын үйлер пайдалануға биыл берілген. Облыс әкімі мемлекет тарапынан ынталы кәсіпкерлердің жобаларын әрдайым қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар аймақ басшысы орталық алаңда ауыл ақсақалдарымен кездесіп, пікірлесті.
Мұнан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Тереңөзек кентіндегі күрделі жөндеуден өткен орталық стадионның және жаңадан салынатын стритбол алаңы құрылысын көрді. Спортшы жасөспірімдермен кездесіп, өзара пікір алмасты.
Аумағы 656 шаршы метрді құрайтын орталық стадион өткен жылдың аяғында пайдалануға берілді. Ал, стритбол алаңының құрылысы биылғы жылдың шілде айында бітеді деп жоспарлануда.
Аймақ басшысы мердігер компания басшысына құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді және уақытылы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, жас спортшылардың алға қойған мақсаттарына жетуіне тілек білдіріп, жеңіске жету жолында аянбай еңбектену керек екенін қаперге салды.
Сырдариядағы жұмыс сапарында Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев және зиялы қауым өкілдерімен бірге Нағи Ілиясов ауылына барып, еңбек ардагерлерімен кездесті.
Елді ауызбірлікке үндеп жүрген ақсақалдар Төребек Жұмабеков пен қоғам белсендісі Дархан Ералиев елді-мекеннің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан жанашыр азаматтардың еңбегін ерекше атап өтіп, облыс әкімінің алдағы ісіне сәттілік тіледі.
Мұнан соң облыс әкімі ауыл ішіндегі спорт кешені, орталық аллея мен музейді аралады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!