«Жастар» орталығында облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы өткізілді. Кеңес жұмысын аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жүргізіп, жастар контингентін алаңдататын негізгі мәселелерді талқылап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Алдымен өңір басшысы жастардың идеясынан туындаған бірқатар жобалар топтастырылған көрмені аралап көрді. Өңірдің ерекше жастары әкімге «Dream liner» жобасын, виртуалды нұсқадағы «Садақшы» ойыны, «Электронды кітапхана жүйесі» жобалары таныстырылды. Сонымен бірге Арал ауданынан келген жас кәсіпкердің «Көкарал» консервіленген балық өнімі» таныстырылды.
Аймақ басшысы идеялы жастардан жобалардың тиімділігі мен оның аясын кеңейту туралы пікірлесіп, өңір үшін қажетті бастамаларға әрдайым қолдау барын тілге тиек етті.
Мұнан кейін облыс әкімі күн тәртінбіндегі қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, жастардың ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту және жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту, стартап жобаларын қолдау мәселелерін қарады.
Отырысқа облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, қала әкімі Ғанибек Қазантаев, облыстық басқарма басшылары, қоғамдық ұйым жетекшілері мен жастар ұйымының өкілдері, еріктілер қатысты.
Кеңейтілген жиында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету бағытындағы негізгі басымдықтарға тоқталып, атқарылған жұмыстарды тізбеледі.
Баяндамадан соң жастар білім мәселесіндегі проблемаларды көтерді. «Jas Оtan» Жастар қанаты» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Медет Жорабек студент жастардың жатақханалардың жағдайы, ауылдан келетін студенттерді орынмен қамту мәселесін ортаға салды. Өзекті ұсынысты сарапқа салған облыс әкімі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған шекті балл жинай алмаған түлектерді қайта оқытудың жоспарларын әзірлеп, колледждердегі жатақханалардың жағдайына мониторинг жүргізіп, бір ай мерзімінде нақты ұсыныспен келу туралы тапсырма жүктеді.
Кеңесте жастар кәсіпкерлігін жандандыру мен стартап жобаларды дамыту жайы сөз болды. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов жаңа идеяларға негізделген жобаларды қолдау және кәсіп бастауға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесіне тоқталды. Мәселен, жыл басынан бері 8612 жас жұмыспен қамтылса, оның 3805-і тұрақты жұмысқа орналасты. Ал, «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 123 жасқа шағын несие беріліп, 94 азамат өз кәсібін ашты. Мұнан бөлек, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға 800 жасқа 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде гранттар берілді.
Жиында «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің» «Рекрутинг орталығының» жетекшісі Жандос Оразмаханов бизнес секторында жастардың үлесін арттыру үшін көршілес Өзбекстанның тәжірибесін зерттеп, оны іске асыру қажеттігін
ұсыныс ретінде жолдады. Сонымен бірге кәсіпкер жастарды оқыту және стартап жобаларға инвестор тарту мәселесін көтерді.
Сонымен бірге Сыр мақтаныштары Мұхтар Ниязов пен Элизабет Тұрсынбаева сөз алып, мемлекет тарапынан жастарды қолдау шараларының қарқыны жоғары екенін тілге тиек етіп, әрбір жас ел мүддесі үшін қызмет етуі қажет екенін қаперге салды.
Кеңестің күн тәртібіндегі мәселелері қаралғаннан кейін облыс әкімі түрлі бағыттар бойынша қызмет етіп жүрген жастардың ойын тыңдап, ашық пікірлесті. «Жылы жүрек жастар» ҚБ-нің жетекшісі Сағатбек Сиюов мүмкіндігі шектеулі жастардың қоғамдық орындарында еркін қозғалуы, пандус мәселесін көтерсе, ІТ саласының маманы Евгений Демиденко жастардың қаржылық сауаттылығын көтеру, кибербуллинг мәселелеріне тоқталды. Ал, «Кітап құрттары» жас оқырмандар клубының жетекшісі Талғат Меңдібаев гуманитарлық бағыттағы 100 кітап жобасы аясында жаңа туындыларды жастарға оқыту, отбасылар арасында кітап оқу сайыстарын ұйымдастырып, қала аумағында кітап бұрыштарын қою қажеттігін атап өтсе, «Aslan Films Orda» киностудиясының директоры Жасұлан Алдабергенов аймақтағы киноиндустрияны дамыту, әлеуметтік роликтерді түсіруге қажетті арнайы кешенді жұмыстарды қолға алуды ұсынды. Ал, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, кәсіби жыршы-термеші Күнсұлу Түрікпен жыраулық дәстүрді насихаттау және жас өнерпаздарды ұлттық өнерге жетелейтін жобаларды іске асыруға шақырды.
Кеңейтілген отырыста жастарды баспанамен қамту мәселесі тыс қалмады. «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Асқар Құрмаш жұмыс жасайтын жастар мен жас отбасыларға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу қажеттігін айтып, жастардың түрлі ұсыныстары негізінде өтетін іс-шараларды жаңа мазмұнда өткізу үшін жоспарлы қадамдарға дайын екендігін жеткізді.
Жастардың ұсыныс-пікірлерін саралаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова басқосуда көтерілген мәселе әртүрлі санаттағы жастардың ортақ проблемасын шешуге мүмкіндік беретінін алға тартып, бірқатар бағыттар бойынша сала басшыларына тапсырмалар берді.
– Бүгінде облыс халқының төрттен бір бөлігін жастар құрайды. Бүгін бірқатар мәселелер бойынша ашық пікірлерді естідім. Жан-жақты қарап, зерделеп, тиісті жұмыстарды үйлестіретін боламыз. Осы ретте, жастарды баспанамен қамту бағытында салаға жетекшілік жасайтын орынбасарыма, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, Қызылорда қаласы әкімдігімен бірлесіп, өзге өңірлер тәжірибесін зерттей отырып, өңірлік бағдалама әзірлеу бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Жастар кеңесінің соңында облыс әкімі аймақ дамуына үлесін қосып жүрген жастарды марапаттап, ықыласын білдірді. Атап айтқанда, Қызылорда облысының Құрмет Грамотасы Элизабет Тұрсынбаеваға табысталды. Облыс әкімінің Алғыс хатымен – Мұхтар Ниязов, Күнсұлу Түркпен, Евгений Деминенко, Сағатбек Сиюов, Елена Пак және Әлібек Ізбасаров мапаратталып, құрмет төрінен көрінді. Сондай-ақ, аймақ басшысы «Жастар ресурстық орталығына» бейнекамераны тарту етті.
Шара соңында өңір басшысы аймақтың белсенді жастарына ризашылығын білдіріп, еңбектерін бағалайтындығын жеткізді.
Айта кетейік, жыл басынан бері әкімдік жанындағы «Жастар істері жөніндегі Кеңес» 15 жиын өткізіп, әр түрлі бағыттағы 50-ге жуық мәселе қараған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!