Елімізде алғаш рет ішкі істер органдарының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшесі құрылды. Бөлімшенің басты ерекшелігі – мұндадағы қызметкерлердің басым бөлігі әйел адамдардан құралған. Бастама өз кезегінде зардап шегушілердің әйел қызметкерлерге оқиғаның мән-жайын ұялмай ашып айтуына, яғни сенім факторына ықпал етеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының өкілі Ләйлә Туысбаева айтты.
– Биылғы жылдың сәуір айында облыс әкімінің қолдауымен бөлімге бөлек ғимарат беріліп, отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығы ашылды. Орталықтың негізгі мақсаты – отбасылық-тұрмыстық саласында құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды азайтып, отбасын сақтап қалу мақсатында отбасы мүшелеріне психологиялық әлеуметтік, құқықтық тегін кешенді көмек көрсету. Әйелдер мен балаларға қатысты жасалатын қылмыстың санын азайту және жәбірленушілердің полицияға деген сенімін арттыру, сонымен қатар полиция заң аясында қолдауға, қорғауға әрқашанда дайын екенін түсіндіру. Орталық 10 кабинетпен жабдықталған. Оның ішінде тергеу, ювеналды полиция, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы, сот орындаушылар, заңгер, психолог, теолог, еріктілер, медиатор және әлеуметтік қызметкерлер бар. Бұл жерде тек отбасылық – тұрмыстық саласындағы мәселе ғана емес, сонымен қатар алимент өндіру, дін аралық қарама-қайшылықтар да шешімін табады. Бөлімше мамандары жәбірленушілерді қорғап қана қоймай, құқық бұзушыларды қайта әлеуметтендірумен де айналысады. Агрессорларға мәжбүрлеп психологиялық көмек көрсету жүйесі және әлеуетті құқық бұзушылармен жұмыс енгізілді. Айта кету керек, жыл басынан тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы өтініштер саны 42,2 пайызға қысқарды, бұл қорғау шараларының тиімділігінің артқанын көрсетеді. Сондай-ақ, 5-15 маусым аралығында облыс көлемінде «Отбасы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Іс-шара бойынша ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алынған 467 адам тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріліп, олармен профилактикалық әңгімелер жүргізілді, – деді Ләйлә Бектұрғанқызы
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!