Облыста жылу беру маусымына дайындық толық аяқталып, барлық әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлер жылумен қамтамасыз етілді. Қызылорда жылу электр орталығы мен аудандық қазандықтар штаттық режимде жұмыс жасауда. Жылу желілері мен қазандықтар жаңғыртылып, қажетті отын қоры толық қамтамасыз етілген. Өңір бойынша жылу беру маусымы тұрақты өтуде, температуралық режим белгіленген кестеге сай ұсталып отыр. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Тахир Нәдірбек мәлімдеді.
– Биыл облыста жылумен қамту жүйесін жаңғырту және жылыту маусымына дайындық бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Ағымдағы жылы жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлініп, жоспарланған жобалар толық орындалды. Соның нәтижесінде Қызылорда жылу электр орталығындағы Оңтүстік қазандықтың үш бу қазандығы толық жаңғыртылып, іске қосылды. Бұдан бөлек, генераторлар мен трансформаторлар жаңартылып, облыс бойынша 10 бу қазандығы мен 21 автономды қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылу желілерін жаңғырту бойынша 7,9 шақырым желі ауыстырылды. Қазіргі таңда облыс бойынша 1 079 әлеуметтік нысан және орталықтандырылған жүйеге қосылған 915 көпқабатты тұрғын үй жылумен толық қамтамасыз етілген. Барлық тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеуде. Қазіргі таңда кәсіпорындарда отын қоры жеткілікті, оның ішінде мазут пен көмір қоры нормативке сай деңгейде. Жылу беру маусымына қажетті 85,2 мың тонна көмірдің 75 пайызы жеткізілді. Әлеуметтік нысандар сұйық және қатты отын қорымен толық қамтамасыз етілген. Барлығы 18 өңірлік оператор көмір тасымалын жүзеге асыруда. Жалпы облыс бойынша жылыту маусымына дайындық толық аяқталып, барлық нысандар жылумен қамтылды. Қазіргі уақытта жылу жүйелері мен қазандықтар тұрақты режимде жұмыс жасап тұр. Отын қоры жеткілікті, температуралық режим белгіленген нормаларға сай. Жылыту маусымының тұрақты өтуі облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында, – деді Тахир Қуанышбайұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!