Бүгінде облыс бойынша жедел респираторлық вирусты инфекциясы және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 1 қазаннан басталған жаңа эпидмаусымда ЖРВИ-дің 16 786 жағдайы тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш бір деңгейде қалғаны анықталды. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында тиісті сала мамандары вирустың алдын алу шаралары жөнінде ақпараттармен бөлісті.
– ЖРВИ-ге шалдыққандардың 63,1 пайызы – 14 жасқа дейінгі балаларды құрап отыр. Республика аумағында, сондай-ақ облыста тіркелген тұмаудың түрі – А типті (H3N2) гонконг тұмауы. Бұл жаңа вирус емес, маусымдық тұмаудың жыл сайын қайталанатын әрі бұрыннан белгілі түрі. Дегенмен, ол халықтың әлсіз топтары үшін қауіпті саналады және адамдар арасында тез таралуымен, аурудың ауыр ағымда өтуімен ерекшеленеді. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында 124 сүзгі кабинеттері, 52 ішек инфекциясын алдын алу үшін ПОР кабинеттері, білім беру ұйымдарында термометрия, ЖРВИ белгілері бар оқушыларды оқшаулау жұмыстары атқарылуда. Емханалардағы мобильді бригада қызметі түнгі сағат 00:00-ге дейін ұзартылып, 75 жедел медициналық жәрдем бригадалары 81-ге дейін көбейтілді. 200 төсекке арналған қайта жаңғыртудан өткен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы қосымша 100 төсек-орынға кеңейтілді. Ал, көпбейінді облыстық балалар ауруханасында жоспарлы емге қабылдайтын бөлімшелер жұмысы уақытша тоқтатылып, пульмонология бөлімшесі 80 төсекке кеңейтілді. Қажетті қорғаныш құралдары мен дәрілік препараттар қоры жеткілікті,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова.
– ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың ауыр ағымындағы 239 науқастың сынамасы ПЦР әдісімен тексеріліп, нәтижесінде зертханалық жолмен A типті (H3N2) 35 тұмау ауруы нақтыланды. Тұмаудың алдын алу мақсатында эпидмаусымға жергілікті бюджет есебінен 85 006 доза вакцина сатып алынып, бүгінгі күні 84 мыңға жуық азаматқа тұмауға қарсы вакцина салынды. Тұмаудан бөлек тұмау емес вирустарды анықтау мақсатында 202 сынама зерттеумен қамтылды, нәтижесімен 7 тұмау емес вирус анықталды,- деді Қызылорда облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
– Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатқан науқастардың 66,8 пайызы ЖРВИ аурулары бойынша тіркеліп отыр.
Тиісті мерзімде науқастардың көбеюіне байланысты қабылдау бөлімінде 3 бригада 24/7 жұмыс істеуде. Науқастар еміне қажетті вирусқа қарсы осельтамивир қоры, капсула, бір реттік медициналық маска, симптоматикалық, дезинтоксикациялық, антибактериальды дәрілік препараттар қоры жеткілікті,- деді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Шарипа Алиева.
– Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бойынша қазіргі таңда барлығы 75 жедел жәрдем тобы жұмыс атқаруда. Оның ішінде облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы құрамында 75 топ, ал бастапты медициналық санитариялық көмек ұйымдарының жанында 31 мобильдік топ қызмет көрсетеді. Эпидемиологиялық маусым кезінде тұрғындарды сабырлыққа және алдын алу шараларын сақтауға шақырамыз. Аймақтағы жағдай тұрақты, барлық қажетті медициналық қызметтер мен жедел көмек құралдары толық қамтамасыз етілген. Дүрбелеңге еш себеп жоқ, бастысы гигиеналық талаптарды қатаң сақтап, дәрігерлердің кеңесіне құлақ асу керек және аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда уақытылы медициналық көмекке жүгіну қажеттігін ескертеміз,- деді облыстық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Ғалия Нұрсейітова.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!