Жұма, 10 қазан, 18:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№76, 2188
07.10.2025
PDF мұрағаты

Облыстық білім саласының кәсіптік одағы жайлы

10.10.2025

124 0

Фото: Интернет желісінен алынған

«Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» КММ-нің «Қоғамдық- саяси тарихы» архиві филиалында Қазақ КСР белім беру жұмысшылары олдағының Қызылорда облыстық комитетінің құжаттары сақталған. Әрбір мекеменің темірқазықтай қағылған мықты іргетасының тарихы мен өткен кемел іздері сарғайған құжат беттерінде сайрап жатыр.

Қызылорда облыстық партия комитетінің құжаттарындағы 1946 жылғы мәліметтер бойынша Ұлы Отан соғысы басталысымен Қызылорда облыстық бастауыш және орта мектептер кәсіптік одағының мүшелері тылға көмектерін аямай, бір адамдай атсалысып, белсенді жұмыс жасаған. Мемлекетіміздің қорғаныс қорына млн рубльге дейін ақша өткізіп, 360 610 рубльге түрлі заемдарға облигация бөлінген, облысымыздың мұғалімдері мен оқушылары әуе – эскадриль және танк колонналарына 200 мың рубль салған, Шиелі ауданы ұстаздары 100 мың рубль тапсырып, Сталин жолдастан Алғыс хат алған. Тылға 12 850 дана жылы киімдер жинақталып, өткізілген. Көптеген мектеп директорлары мен мұғалімдер жауынгерлерге киімдер мен бұйымдар жинақтауға көмектесті.

Архив қорындағы құжаттарда 1946 жылы Қызылорда облыстық бастауыш және орта мектептер жұмысшыларының облыстық III конференциясының қаулысы сақталған. Онда кәсіподақ мүшелерінің Ұлы Отан соғысына жан аямай қатысып, үлкен ерлік көрсеткендері жайлы мақтанышпен атап көрсеткен. Мысалы Журба-Кеңес Одағының батыры атанса, орден алғандар қатарында К.Ибраев, Баратов, Ж.Асанбаевт.б болған. Педагогика саласының майталмандары ретінде М.Т Широков, А.Айзунов, Д.М. Теплова, Кәрібаева, Даріқұлов, Нам т.б. еңбек сіңірген мұғалім атақтары мен Білім беру ісінің мақтау қағаздарына ие болған. Осы конференциядағы қаулыда жазғы демалыс уақытында сауықтыру жұмыстарын кеңейтіп, кәсіподақ мүшелерінің санаторийларға жолдама беруді және демалыс үйлері мен пионер лагерлеріне демалуды ұйымдастыруды қадағалауды бұйырған.

1946 жылы Қызылорда облыстық комитеті білім беру ұйымдары одағы председателі Галиаскарованың есептік баяндамасында, Қызылорда облыстық комитеті білім беру ұйымдары одағы барлығы 12 кәсіподақ ұйымдарын біріктірген. 8-аудандық, 4 қалалық. Облыс бойынша 1946 жылғы мүшелік жарналардың жинақ жоспары 21200 рубльді құраса, 1 жартыжылдықта 13416 рубль, яғни 126 пайызы орындалған.

Қызылорда облыстық бастауыш және орта мектептер жұмысшыларының одағы облыстық комитетінің II конференциясында құрамы 15 адам сайланған, президиум құрамы-7, тексеру комиссия- 3 адам болған. 1949 жылы қаңтар айында өткізілген Қазақ КСР-ның орта және бастауыш мектептерінің жұмысшыларының кәсіптік одағының IV-съезі өткізіліп, ондағы қаулы бойынша: «Қазақстанның ұстаз, мұғалімдері өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен білімге бағыттауда белсенді қызмет атқарып жатқандығын, ағымдағы оқу жылында Республика ұстаздары оқу-тәрбие ісінде белгілі бір жетістіктерге жетіп, мектеп пен мұғаліміне мемлекет тарапынан бақылау болғаны» білім алушыларға терең мән бергендей.

Кәсіподақ мүшелігіне облыс бойынша жұмысшыларды тарту жұмыстары жолға қойылды.

Төменгі кәсіптік ұйымдардың есебі мен сайлауының жүргізілуі бойынша кәсіптік ұйымдардың рөлі жоғарылаған.

Кәсіподақ жұмысына үздік ұстаздар – өндіріс жұмысшыларының, балалар бақшасы мен балалар үйлерінің халық ағарту бөлімінің жұмысшылары көптеп тартылды.

Кәсіподақтардың IV- ші съезі Орталық комитеттің және облыстық кәсіподақ комитеттерінің кейбір жұмыстарына тоқталып, 1947-1948 оқу жылдарында мектептерден себептен себепсіз Республика бойынша 34820 бала шығып қалғанын, техникалық қызметкерлердің саяси- тәрбиелік жұмыстарға орналасқанын атап көрсетті.

Қазақ КСР-нің бастауыш мектептер жұмысшыларының кәсіптік одағының IV- ші съезінің қаулысы бойынша Орталық, облыстық, аудандық комитеттерге сонымен қатар халық ағарту ұйымдарына 8-10 сынып оқушыларына әсіресе, қазақ оқушыларының қатарын көбейтуді, мектеп жасындағы қазақ қыздарының оқудан қалмауын қадағалауды тапсырды.

Ең маңызды тапсырмалардың бірі – халық ағарту Кәсіптік одағының ұйымдарын ҚК(б)П Орталық комитетінің XIX Пленумының шешімін орындауда яғни, «Оқушылардың жоғары және орта білім алуы міндетті» деген шешімін орындауды міндеттеген.

«Әйелдердің тұрмыстық және еңбек жағдайларын жақсарту және жалғызбасты аналар мен көпбалалы аналарға мемлекеттік көмек көрсету ісін жақсартуды» атты 1949 жылғы 19 мамырдағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарғысын түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қаулы етті.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарғысында 1944 жылы 8 шілдедегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарғысына қосымша ретінде «Балалар мен аналарды қорғау, жалғызбасты аналар мен көпбалалы аналарға, жүкті әйелдерге мемлекеттік көмекті ұлғайту, «Батыр Ана» құрметті атағын беру, және «Ана даңқы» орденін және «Ана медалі» атақтарын беру туралы жарғыларын басшылыққа алуды тапсырды.

– Жүкті әйелдер жұмысшылар мен қызметкерлерге (жүктілікпен есепке алынғаннан бастап) және 1 жасқа дейінгі балалары бар аналарға еңбек өтілін үзбей сақтай отырып, тұрғылықты мекен-жайына қарай басқа жұмысқа ауысуына құқылы болды.

– Емізулі баласы бар аналарды жұмысқа қабылдаудан бас тартса, осыны сылтау етіп, жалақысын төмендетсе Қылмыстық Кодекстің статьяларына сәйкес жауапқа тартылатынын негіздеген КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумының председателі Н.Шверниктің мөрімен бекітілген Жарғы архив қорында сақталуда.

– Барлық орта педагогикалық білім жоқ ұстаздарды жаппай сырттай оқуға тартуға облыстық білім бөліміне тапсырма берілген.

– Сырттай оқитын мұғалімдерге жазғы сессиясын тапсыру кезінде жатақханалармен қамтамасыз етуге қаулы қабылданған.

– Еңбекші депутаттардың облыстық кеңесі атқару комитетіне жазғы оқу- экзамен, сессия кезінде сырттай оқитын мұғалімдерге арналған асханаларды ұйымдастыруға ықпал етуді сұраған.

Бастауыш және орта мектеп жұмысшылары одағының облыстық комитетінің мәдени-көпшілік комиссиясының басшысы Ташимоваға да тапсырмалар беріліп, мұғалімдер үйін мәдени шаралар ұйымдастыратын, үйірмелер ашатын орталық етіп ұйымдастыруды қаулы еткен. Президиумда атап өткендей, 1948 жылғы кәсіподақтың 2532 мүшесі ішінен «Большевик» дене тәрбиесі және спорт кәсіподағы мүшелерінің 218 адамы болды. Олар I дәрежелі 120 үздіктерді, II дәрежелі 25 үздіктерді даярлаған.

1952 жылы Қызылорда қаласының Мұғалімдер үйінің ғимаратының жөндеу жұмыстарына 10626,20 рубльге смета жасалынған.

Бастауыш және орта мектептер жұмысшыларының Одағының Қызылорда облыстық комитеті председателі Омаровтың өкімімен 1952 жылы 23 қаңтарда Мұғалімдер үйінің директоры Е. Бедебековтың арызы негізінде қызметінен босатып, Мұғалімдер үйінің директоры қызметіне Асан Сақтаповты тағайындалған. 1952 жылдың 1 тамызында З.Суюбаев директорлық қызметінен өз арызы бойынша босатылып, орнына Мұғалімдер үйінің директоры болып Сақтапберген Әлжіков тағайындалады.

1967 жылы 6 сәуірде ғылым мекемелері және жоғары мектеп, білім беру ісі жұмысшыларының кәсіптік одағының XIV облыстық конференциясы болып өтті. 129 делегат қатысқан. Конференцияда мемлекетіміздің 5 күндік жұмысқа ауысуына байланысты демалыс уақытын тиімді пайдалануды көздеген тапсырмалар берілді. Студенттерден құралған құрылыс отрядтарын құруды, мектеп- интернаттар құрылысының салынуын міндеттеді. Облысымызда 279 мектеп, 2 арнаулы оқу ғимараты, 11 жұмысшы мектептері және 3 ауылдық жастар мектебі жұмыс жасаған, 4883 мұғалім және 219 ғылыми-педагогикалық жұмысшылар қызмет етті.

1968 жылы 4 наурызда Мәскеуде Кремль сарайында КСРО-ның XIV кәсіптік одақтарының съезі болып өткен. Сол сезъдің делегаттары арасында шахтерлер, агрономдар, ұстаздар, зауыт директорлары мен өнер иелері қатысқан. Қызылорда облысынан 7 делегет барған. Олардың қатарында білім басқармасының басшысы У. Туралиев те болған еді.

1968 жылы облыста 11 жұмысшы жастар мектебі, 3 ауыл жастары мектебі, 3 сырттай мектеп жұмыс жасаған. Барлығы 7152 оқушылар білім алған.

1968 жылы Кәсіподақтардың VI съезінде кәсіподақ ұйымдарының алдына маңызды тапсырмаларды қойды. Оның ішінде үнемі мұғалімдердің еңбегін бағалауды, педагогикалық кадрлерді дайындауды, Қызылорда педагогикалық институтқа сырттай оқитын мұғалімдердің түсуін қадағалауды тапсырды. 1968 жылы облыста 5216 мұғалім жұмыс жасаса, оның ішінде жоғарғы білі бар 2783, аяқталмаған жоғарғы білімді 681, орта педагогикалық білімі бар 1731 мұғалім болды.

1977 жылы 14 сәуірде ғылым мекемелері және жоғары мектептер, білім беру жұмысшылары кәсіптік одағы Қызылорда облыстық комитетінің II Пленумы өткізілді. Председателі А. Нұрымбетов болған.

Облыс мектептері мектеп құралдарын алса, 267,5 мың рубльге жихаздар мен парталар сатып алынған, тағы да мектептерде 302 оқу кабинеттері ашылған.

Кәсіподақтардың қызметі қоғамда әр кезде шешуші рөл атқарғанын, еліміздің саясатын, кадрлардың әлеуетін көтеретін бірден-бір ұйым екенін ескерсек, кәсіптік ұйымдардың қызметі бүгін де өз мәртебесін жоғары ұстап келеді.

Дана Қалтаева, «Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» КММ-нің«Қоғамдық-саяси тарихы архиві» филиалының бөлім басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: