Бейсенбі, 26 желтоқсан, 15:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының xxv сессиясы өтті

18.07.2023

746 0

Бүгін «Достық үйінде» облыс әкімі, облыстық ассамблея төрағасы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен «Әділетті Қазақстан – даму мен бірегейліктің негізі» тақырыбында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХV сессиясы өтті.

Облыстық ассамблеяның алқалы жиынына зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, ғалымдар мен сарапшылар, этномәдени бірлестік жетекшілері, белсенді үкіметтік емес ұйымдар мен жастар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және ZOOM байланысы арқылы барлық аудан активі мен аудандық Қазақстан халқы ассамблеясының құрылым мүшелері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты Қазақстан халқы ассамблеясының сәуір айында өткен ХХХІІ сессиясында ассамблея еліміздің саяси жүйесінің аса маңызды құрылымы ретінде ел бірлігін нығайтуға орасан зор үлес қосқанын айтты.

Бүгінгі сессияның күн тәртібінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының есепті кезеңдегі жұмыстары мен ХХХІІ сессияның тапсырмаларынан туындайтын міндеттер талқыланды.

Сессия облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың алғысөзімен ашылды. «Киелі Түркістан төріндегі Ұлттық құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз аз уақытта зор серпіліс жасадық. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік», деп атап өтті. Отандастарымызды бір мақсат, бір мүддеге ұйыстырудағы бірегей құрылым – Қазақстан халқы ассамблеясы», – деді аймақ басшысы.

Осыдан тура бір жыл бұрын өткен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІV сессиясында берілген бірқатар нақты тапсырмалар жүзеге асырылып, толымды нәтижелерге қол жетті. Қызылордада «Анаға тағзым» орталығының ғимараты бой көтеріп, «Халық достығы» аллеясы салынды.

Сол жағалаудағы «Рухани жаңғыру» орталығы Үкіметтік емес ұйымдар үйі болып ашылды. «Достық үйінің» базасында Қазақстанның саяси реформаларының іске асырылу барысын түсіндіру мақсатында сарапшылар даярлау жөніндегі әдістемелік орталық құрылды. Сарапшы топ мамандары екі әдістемелік құрал әзірледі. Этномедиация бағытын дамытуға арналған жобалар жүзеге асырылып, кәсіби және қоғамдық негіздегі медиаторлар арнайы курстардан өтті.

Сыр өңіріндегі аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы үздік деп танылып, өзге өңірлерге тәжірибе ретінде таратылды. Журналистер мен сарапшылар клубының мүшесі, «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбеков республикалық «Шаңырақ» байқауында этножурналистика саласының үздігі атанды. Облыстық ассамблея жастары әлемдік тренд «Ел бірлігі. Tik-tok Хаус» республикалық жобасында 1 орынды иеленді.

Этномәдени бірлестіктердің атаулы мерекелері де назардан тыс қалмады. Осы уақыт ішінде «Славяне» этномәдени бірлестігінің 25 жылдығы, татар этномәдени бірлестігінің 30 жылдығы, «Алекс» би өнері мектебінің 25 жылдығы, республикалық «Корё ильбо» газетінің 100 жылдығы аталып өтті. Облыстық ассамблея жанынан ақсақалдар кеңесі құрылды. «Өз еліңді таны!» жобасы аясында олар тарихи қалалар мен киелі орындарға саяхаттауда.

Облыс басшысы бірінші жартыжылдықтың қорытындысына, аймақтың негізгі макрокөрсеткіштеріне тоқталды. Мемлекет басшысының туған жерді түлету бастамасына үн қосқан жергілікті кәсіпкерлер мен облыстан шыққан меценаттар атқарған, қолға алған жұмыстар туралы айтты.

Мемлекет басшысы елімізде жоғары білім қолжетімділігін арттыруды және 2025 жылға дейін беделді шетел университеттерінің 5 филиалын ашуды тапсырды. Осы орайда облыс әкімі бастаған делегация 22-25 мамыр күндері Корея Республикасының Сеул, Тэджон қалаларына және Чоллабук-до провинциясында іссапарда болып, Сеул қаласында Ұлттық ғылыми-техникалық, Шинхан университеттерінің президенттерімен кездесті.

Іссапар кезінде білім және ғылым саласында тиімді байланыстар орнатылып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Қызылорда қаласында Корея университеттерінің филиалдарын ашу және жергілікті үздік мектеп түлектері үшін арнайы гранттар бөлу жұмыстары басталды.

Ресей, Өзбекстан елдерінің Бас консулдарымен кездесулер өткізіліп, облыстың сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-рухани, туризм, білім және ғылым салаларында өзара ынтымақтастық орнату жөнінде нақты ұсыныстар талқыланды.

Сессияда ассамблея кеңесінің ұсынысымен облыстық ассамблея төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары болып Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, облыстық татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Галия Гизатуллина тағайындалды. Облыс әкімі осы қызметті атқарған өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Кахар Дадашевқа алғыс білдірді.

Ассамблея сессиясында облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, профессор Баймырза Қожамберлиев, онкология орталығының дәрігері, облыстық ассамблея жанындағы аналар кеңесінің мүшесі Виктория Юн, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің академиялық мәселелер бойынша басқарма мүшесі – проректор Дана Әбдірашева, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының құрметті ардагері Владимир Толоконников сөз сөйледі.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХV сессиясын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қорытындылап, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне, басқарма, мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Алдағы уақытта облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдерімен жарты жылда кемінде бір рет кездесудің жұмыс кестесі әзірленіп, жүзеге асырылуы керек. Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру бойынша белсенді ақпараттық жұмыс, этномәдени бірлестіктердің, Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық құрылымдары мен олардың белсенділерінің маңызды қоғамдық бастамалары мен жобаларын қолдау жалғаса береді.

Аймақ басшысы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына облыстық мәдениет және спорт басқармасымен бірлесіп тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарының жобалық-сметалық құжаттамасын және эскиздік жобасын әзірлеуді жеделдетуді тапсырды.

Жауапты басқармаларға тәрбие, жасөспірімдерді есірткі мен психотроптық заттардан қорғауды үйлестіру жұмыстары жүктелді. Сонымен қатар «Достық үйін» жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу, «Достық аллеясына» сахна және ашық аспан астындағы кітап сөресін ұйымдастыру тапсырылды.

Сессия соңында облыс әкімі бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым ардагерлері мен белсенділерін марапаттады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: