Жексенбі, 22 желтоқсан, 07:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Өмірді сүйе білейік…

19.02.2022

12895 0

Өмір – театр. Оның басты кейіпкері адам. Күлесің, жылайсың, қуанасың… Жер бетінде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Біз тек сырға толы, сол қызық әлемнің жолаушысымыз. Алайда қазір жалған дүниенің қадірін түсінбейтін жандар қатары көп. Сондай-ақ бар уақытын босқа өткізіп жүргендер қаншама…

Адам дүниеге келгеннен кейін тірліктегі кездескен барлық қиындықпен күресе білген жөн. Дегенмен күнделікті өмірдегі уақытша сынаққа сағы сынып, баз кешетіндерді көзіміз көріп жүр. Бірақ олар жарымжан болмай, он екі мүшесінің сау болғанына қанағат ете білуі керек.

Бұрын адамдардың өз-өзіне қол жұмсағанын естігенде жұрт жағасын ұстап, жүрегі ауыратын. Ал қазір жиі орын алатын бұл жағдай өзекті мәселеге айналуда. Аталған тақырып қанша талқыланса да, оны түбегейлі жою мүмкін болмай отыр. Өйткені тағдыр тауқыметіне түсіп, тығырыққа тірелген шарасыз жандар соңғы жолды таңдайды. Бүгінде қиындыққа тез мойымай, қасқайып қарсы тұра алатындардың қатары аз. Ондай жандарға жігер мен төзім жетпейтін секілді.

Қазір ешқандай мәселеге тап болмаса да, өмірден түңіліп жүрген адам көп. Олар өзінің ештеңеге қызығушылығы жоғын айтып, «Көз көрмес, құлақ естімес» жаққа кетуді қиялдайды екен. Бірде осындай ойда жүрген досым ағынан-жарылып ішіндегі сырын ақтарды. Онда атақ, абырой, ақша бәрі бар. Бірақ өмірден жиі баз кешеді. Мүмкін жалғыздықтан шығар деп ойладық. Кейін үйленіп, отбасылы болды. Сонда да, мұндай жағдай онда жиі қайталана берді.

– Неге екенін білмеймін. Мен үшін өмір бір де қызық, бір де қызықсыз көрінеді. Жақсылық болса қуанудың орнына, бір жамандығы бар деген оймен жүремін. Санамда үнемі текке өмір сүріп жүрмін деген ой тұрады, – дейді Бек Досан (есімі өзгертілді).

«Дүние алма кезек» демекші өмірде барлығы да уақытша. Тіпті мына фәни жалғанның өзі мәңгілік емес. Қиындық болмаса бұл өмір қызықсыз болар еді. Себебі кез-келген сынақ адамға сабақ болып, шыңдайды, көп нәрсеге үйретеді. Соңғы кезде психологтар көмегіне жүгінетіндер қатары көбейді. Өйткені тура жолды таба алмай, шақшадай басы шарадай болатындарға бұл саланың пайдасы зор. Өмірден түңілмес үшін не істуге болады? Осыған орай психологтардың бірінен кеңес беруін өтінген едік.

– Өмір ақ пен қарадан тұратыны сияқты, қуаныш пен қиындық та қатар жүреді. Бұл – зандылық. Жассыз ғой. Өміріңіз алда… Әлі талай қуанышты күндер, бақытты сәттер келеді. Соның бәрін осылай жаман көңіл-күймен қарсы ала бермексіз бе? Мен өмірден түңілдім деме… Керісінше әлі де бақытты боламын, қолымнан бәрі келеді деп өз-өзіңізді жігерлендіріңіз. Өйткені айналаңызда сізден де бақытсыз жандар көп. Олай біржақты көзқарасты ұстануға әсте болмайды. Өмір күрестен тұрады. Бәрін жақсы жағынан көре білу керек. Әр таңды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуға тырыс. Жаныңызға жақын жандардың қасында жиі болыңыз. Сіздің қолыңыздан бәрі келеді. Тек қорықпаңыз. Өзіңізді босқа кері тартпаңыз. Өмірден жалыққан кезіңізде, кемтар, мүгедек, жетім жандар жайлы ойлаңыз. Солар туралы бағдарлама көріңіз. Өзіңізді солармен салыстырыңыз. Байқасаңыз, олар қандай қиындық көрсе де өмірден түңілмейді. Керісінше алға қарай ұмтылып, бәріне құштар болады. Адамдармен әрқашан күліп сөйлеседі, әр нәрсеге араласып қолынан келгенінше көмек көрсетуге дайын тұрады. Ең бастысы, ата-анаңды ойла. Саған үлкен сенім артқан олардың үмітін ақтауға тырыссаң өмірге деген құштарлығың оянады, – дейді психолог Айдын Жылқышиева.

Өмірді сүйе де, сүре де білейік… Сонда ғана алтын уақыттың қадірін түсініп, барымызды бағалаймыз.

Айбек ЖАҚСЫЛЫҚ

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

IV курс студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: