Жұма, 19 сәуiр, 23:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Өнегелі өмір

14.05.2022

1001 0

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Ұстаз болу – адамның асылдығы.

Иә, ақын Ғафу Қайырбековтің осы өлең жолдарының астарында аласармас ақиқат жатыр. Расымен, бала бағбаны саналған ұлағат иелері ұлтқа тұтқа, ұрпаққа ұран болған құрмет иелері. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздың бірі – Лиза Сәденқызы. Оның өнегелі өмір жолы көпке үлгі боларлық. Ол қырық жылға жуық бір салада табанды еңбек етіп, жүздеген шәкірт тәрбиелеген өнегелі өмір иесі.

Лиза Ағытаева 1952 жылы Жалағаш ауданының Еңбек ауылында дүниеге келген. Әкесі Сәден Ағытайұлы Ұлы Отан соғысының ардагері. Майдан даласындағы даңқты ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен награтталған. Қарт жауынгер сұм соғыстың салдарынан бір аяғынан айырылады. Соған қарамастан елге оралысымен Жаңадария совхозындағы №2 қой фермасында жиырма жылға жуық ферма меңгерушісі болып еңбек етті. Жалғыз аяғымен жүрсе де ел ісін оңтайландыру жолында қажырлы еңбек етті. Бейбіт күндегі ерлікке пара-пар еңбегі ескеріліп, «Құрмет белгісі» орденімен және Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, күміс медальдарымен марапатталды. Ер еңбегін бағалаған елдегі ағайыны «Обкомның елдегі хатшысы» деп құрмет тұтты. Ал анасы Сәуле Жәмилақызы еңбекқор кісі. Оның бойында анаға тән іңкәрлік пен ізгілік сезімі күндей жарқырап тұрды.

Міне, осындай жақсы жандардан тәлім алған Лиза Сәденқызы жастайынан қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып, өзінен кейінгі тоғыз бауырына жәрдемдесіп өсті. 1969 жылы мектеп біті­ріп, Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне құжат тапсырып, атал­ған білім ордасын 1974 жылы география-биология мамандығы бойынша тәмамдады. Оқуын аяқтаған соң туған ауылы Еңбекке оралып, осындағы өзі білім алған №232 орта мектепте қызметін бастады.

Жас маманға мұғалімдікпен қатар мектептің тәрбие жұмысын үйлестіру міндеті жүктелді. Сонымен қатар комсомол ұйымының хатшысы қызметін қоса атқарды. Ол бұл жұмыстардың қайсысын болса да жоғары деңгейде атқарып, ұжымдастарының арасында беделі биіктей түседі. 1976 жылы аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып ауыстырылады. Осы жылы Ахмет Бөдешұлымен отау құрады. Ол – Мәскеу қаласындағы К.Скрябин атындағы мал дәрігерлік академиясының түлегі.

Лиза Сәденқызы 1976-1981 жылдары Мәдениет ауылындағы №32 қазақ орта мектебінде ұстаздық қызметін жалғастырады. 1981-1983 жылы Моңғол халық республикасында тәжірибе жетілдіріп қайтады. Елге келісімен Қызылорда қаласындағы №9, №136 мектептерде бала тәрбиесі жолында қызметін жалғастырады. Шәкірттері жыл сайынғы өткізілген олимпиада жарыстарында үздік көрінеді. Ұстаздық қызмет жолындағы еңбектері ескеріліп, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын иеленеді. Ол сондай-ақ ұстаздықпен қатар қолөнер бұйымдарын тігуменде айналысады. Атап айтар болсақ, қыз жасауы, құрақ көрпе, бесік жабдығы секілді қазақы ою-өрнекпен кестеленген бұйымдардың барлығын өзі жасайды. Қала берді қолы қалт етсе гүл өсіріп, жеміс ағаштарын баптайды. Оның тағы бір еңбегі 1990 жылы Зина Төлекқызымен бірлесіп №236 аралас мектепті қазақ мектебіне айналдыру ісін қолға алуы еді. Бұл бір қарағанда жәй көрінгенімен оның түбінде ұлттық тәрбиеге байланысты тұтас құндылық жатқанын аңғару қиын емес. Әрине, ол ұлтжанды ұстаздың ғана қолынан келетін іс. 

Жұбайы Ахмет Бөдешұлы екеуі отбасы жарасымдылығын сақтап, қырық алты жыл тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Бүгінде бес баладан тараған он бес немеренің қызығына кенеліп отырған бақытты жанұя.

– Мен ұстаздық қызмет жолымда көптеген шәкірт тәрбиеледім. Әлі күнге олардың сабақ үлгерімдерін жіті танимын. Ұят болады, сауап болады, обал болады деген үш ауыз сөзбен ұрпақ тәрбиесіне бағдар бердік. Өзім де білім алған ұстаздарыма бас иемін. Орынкүл, Қашақбай, Аршагүл, Дәмелі, Қазипа секілді ұстаздарымның есімі жадымда жаңғырып тұр. Ұстаздың ең бірінші міндеті алдында отырған оқушының жан дүниесін түсінуі. Мені алаңдататын қоғамдағы өткір мәселенің бірі жастардың жиі ажырасуы. Бұрындары жүз отбасынан бір отбасы айырылысатын еді. Қазір мүлдем басқа. Үш отбасының бірі үш күн болмай екі жаққа кетіп жатады. Бұл – ұлт болашағы үшін қауіпті. Мұның барлығы отбасындағы тәлім-тәрбиеге тығыз байланысты. Ұстаз – ұлтты тәрбиелейтін тұлға. Сол мақсат жолында жаңылыспаған жан мұратына жетеді, – дейді кейіпкеріміз.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ         

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: