Өңірімізде жыл басынан бері экономика саласы тұрақты даму үрдісін көрсетуде. Өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында өндіріс көлемі артқан. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Досжанова Әсел хабаралады.
– Жыл басынан бері аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталсақ, өңдеу өнеркәсібі – 13,1 пайызды құраса, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 2,6 пайыз, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар – 5,9 пайыз, құрылыс жұмыстары көлемі – 15,6 пайызды құрады және пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі– 4,8 пайызға артқандығы байқалады. Бірінші жартыжылдықта жалпы өңірлік өнім сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,0 пайызға өсті. Сонымен қатар, «Бекітілген халық тіркелім» базасы арқылы Статистика бюросына ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді қалыптастыру нәтижесінде, қаңтар-қыркүйекте облыста 12599 сәби дүниеге келген. Оның 6483-і ұлдар болса, 6116-ы қыздар. Жалпы біздің өңірдің туу көрсеткіші және табиғи өсімі тұрақты. Облыстар арасында 1000 тұрғынға шаққанда туу көрсеткіші бойынша тұрақты төртінші орындамыз. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек облысымызда күніне орташа есеппен 50-55 сәби дүние есігін ашады. Ай сайын 1550-1600 балаға дейін дүниеге келеді. Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, облыста халық санының артуын байқауға болады ,- деді Әсел Бақытжанқызы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!