Қазан айының үшінші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтеді. Осы мереке қарсаңында өңірде орманды қорғау, сақтау және көбейту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Қызылорда облысында 7,3 млн гектар орман қоры бар, оның ішінде 3,8 млн гектары орманды алқаптар. Орман саласы мамандары экологиялық тепе-теңдікті сақтау мен өңірдің табиғи келбетін жақсартуға айрықша үлес қосып келеді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы баяндады.
– Аймағымыз – еліміздегі ерекше экологиялық аймақтардың бірі. Мұнда мемлекеттік орман қоры 7 миллион 300 мың гектарды құрайды, оның 3 миллион 800 мың гектары орманды алқаптар. Бұл біздің табиғатымыздың байлығы әрі экологиялық тепе-теңдіктің негізгі факторы. Облыста 8 орман шаруашылығы мекемесінде 744 маман еңбек етуде. Соңғы жылдары орман шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп келеді. Бөлінген қаржыға арнайы техника мен заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып, материалдық-техникалық база нығайтылды. Аймақтың шөлейтті табиғаты орман шаруашылығының маңызын одан әрі арттырады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 660 мың гектарға сексеуіл егілді. Сонымен қатар, облыста 148 гектарға уақытша орман тұқымбақтары ұйымдастырылып, сексеуіл мен ағаш көшеттері өсірілуде. 2021-2025 жылдар аралығында облыстың елді мекендерінде 959 мың ағаш отырғызу міндеті толығымен орындалды. Бұл шаралар өңір экологиясын жақсартуға, табиғатты қорғау мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға үлкен үлес қосып отыр. Орман – еліміздің ең құнды табиғи байлығы. Оны қорғау, сақтау және молайту – әрбір азаматтың ортақ парызы. Барша орман шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға амандық және кәсіби жетістіктер тілеймін, – деді Қайрат Жансұлтанұлы.
Өңірлік Коммуникациялар Қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!