Өңірде өткен жылы аса қауіпті 13 түрлі жұқпалы аурудың алдын алу мақсатында республикалық бюджет есебінен 6 277,9 мың доза ветеринариялық препарат облысқа уақытылы жеткізіліп, жоспарлы алдын ала егу жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыстар мал мен адамға ортақ аурулардың таралу қаупін төмендетуге және эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев мәлімдеді.
– Эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Энзоотиялық, яғни жұқпалы емес аурулардың алдын алу үшін 6 түрлі ауруға қарсы 799,4 мың доза препарат алынып, толық көлемде алдын ала егу жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, бруцеллез ауруына қарсы ауыл шаруашылығы жануарларынан алынған 1 654,0 мың қан үлгісі зертханалық тексеруден өткізілді. Ал, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары бойынша өткен жылға жоспарланған 379,2 мың бастың орнына 428,1 мың бас мал тіркеліп, жоспар 112,9 пайызға орындалды. 2026 жылдың 1 қаңтарына ақпараттық жүйеде барлығы 1 334,0 мың бас ауыл шаруашылығы жануары есепке алынған. Сондай-ақ, ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға соңғы үш жылда арнайы техника мен жабдықтар алынды. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру жөніндегі Жол картасы аясында өңірде блоктық-модульдік ветеринариялық ғимараттар пайдалануға берілуде. Мал сою инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында өткен жылы 14 мал сою пункті іске қосылды. Ал аса қауіпті аурулардың алдын алу үшін 2026–2027 жылдары типтік жобадағы 145 мал қорымын салуға 3,5 млрд теңге қаржы бөлінді, – деді Шахмардан Сұлтанбекұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникацилар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
