Өткен жылы облыста жұқпалы аурулар бойынша тұрақты эпидемиологиялық ахуал қалыптасты. Бақылауда тұрған 102 назологияның 52 түрі бойынша ауру дерегі тіркелген жоқ. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлмира Сыздықова мәлімдеді.
– Соңғы 15 жыл ішінде вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар, оның ішінде құрөзек, сіреспе, гемофильді инфекция, полиомиелит, паротит және пневмококк инфекциялары анықталған жоқ. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, профилактикалық екпелермен қамту деңгейі есепті мерзімде 96,8 пайызды құрады. Аса қауіпті инфекциялық ауруларларға тоқталсақ, өткен жылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қатысты облыста эпидемиологиялық ахуал күрделі болды. 1 281 адам кене шағуына байланысты медициналық көмекке жүгініп, барлығы 14 күнге дәрігерлік бақылауда болды. Туберкулез ауруы бойынша 355 жаңа жағдай тіркеліп, 2024 жылмен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 7,1-ге төмендеді,- деді Гүлмира Жамбылқызы.
Департаменттің маңызды бағыттарының бірі – ішкі сауда нарығындағы өнімдердің қауіпсіздігін бақылау. Осы мақсатта 2025 жылы сауда орындарынан 1 766 өнім сынамасы сатып алынды. Оның 69,7 пайызы – тағам өнімдері болса, ал 30,3 пайызы – тамақ емес өнімдер. Сараптама нәтижесінде 317 өнім үлгісі техникалық регламент талаптарына сай келмеді.
– Сәйкес келмеген өнімдерге байланысты 100 сауда объектісіне жедел ден қою шаралары қолданылып, жалпы құны 1 241 539 теңгені құрайтын 818 келі өнім сатылымнан алынды. Оның ішінде құрамында қолдануға тыйым салынған “сары күн бату” және “тартразин” бояғыштары анықталған 70 келі шай өнімі бар. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен Кения елінен әкелінген және Қазақстанда қапталған бірқатар шай өнімдерін әкелуге және сатуға тыйым салынды. Балалар ойыншықтарына да мониторинг жүргізілді. Қытай және Өзбекстан елдерінде өндірілген физикалық факторлар мен қауіпсіздік талаптарына сай келмеген 120 ойыншық сатылымнан алынды,- деді Гүлмира Сыздықова.
Сондай-ақ, 2025 жылы енгізілген тамақтану стандартына сәйкес балабақша мен мектеп, колледжерде тұз мөлшері 5 есеге, қант мөлшері 3,6 есеге азайтылып, көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерінің үлесі артты.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
