Бүгінгі таңда аула аумақтарында ұсақ құқық бұзушылықтардың тіркелуі, түнгі тыныштықты бұзу мен қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу, жасөспірімдер арасындағы тәртіпсіздік, сондай-ақ бөтеннің мүлкіне зиян келтіру деректері өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған байланысты өңірде қоғамдық тәртіпті нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз аула» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы Рауан Әлдешов мәлімдеді.
– Іс-шара аясында профилактикалық бақылау мен тексеру жұмыстары кешенді форматта жүргізілді. Нәтижесінде, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында барлығы 507 қызметкер жұмылдырылып, 6 күн ішінде облыс аумағында ішкі істер органдарының есебінде тұрған 1 852 тұлғаның тұрғылықты мекенжайлары тексерілді. Тексеру барысында 13 дерек бойынша сот талаптарын орындамау фактілері анықталып, аталған азаматтармен қайта құқық бұзушылыққа жол бермеу бағытында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 34 тұлға ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алынды. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде барлығы 241 құқық бұзушылық дерегі тіркеліп, құқық бұзушыларға қатысты қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Бұдан бөлек, 50-ден аса тұлға жасаған құқық бұзушылықтары бойынша ішкі істер органдарына жеткізіліп, олардан саусақ іздері алынды. Аталған бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша кешенді шаралар күшейтілетін болады, – деді Рауан Қырымұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
