Қызылордада «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында 44 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ердәулет Жаукеев мәлімдеді.
Өңірде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мақсатында 1 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралығында «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
«Іс-шара басталғалы 43 479 пәтер, 122 646 жер үй, саяжайлар мен шаруа қожалықтары толық тексерілді. Жалға берілетін пәтер иелерімен тиісті профилактикалық түсіндіру жұмысы жүргізіліп, учаскелік инспекторлардың қатысуымен есептегі тұлғалар жан-жақты бақылаудан өтті. Тексеру барысында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 772 тұрғын, 261 әкімшілік қадағалаудағы тұлға, 1277 пробация есебіндегі және 290 қолайсыз отбасы тұрғылықты мекенжайларында тексерілді.
Сонымен қатар, азаматтық қару айналымына қатысты да бірқатар құқық бұзушылықтар анықталды. Ішкі істер органдарында тіркелген 9 928 қару иесі тексеріліп, қаруды сақтау және тасымалдау ережесін бұзудың 103 дерегі, тіркеу тәртібін бұзудың 59 фактісі белгілі болды. Нәтижесінде тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылып, заң талаптарын сақтамағандарға шара қолданылды», – деді Ердәулет Баянбайұлы.
Жалпы «Учаске» шарасы аясында 44 849 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Іс-шараның нәтижесінде өңірдегі құқық бұзушылық деңгейі 4 пайызға төмендеген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!