1989 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы «Халықаралық табиғи апаттар қаупін азайту жөніндегі онжылдық» жариялаған болатын. Содан бері қазанның екінші сәрсенбісін халықаралық табиғи апаттар қаупін азайту күні деп белгіленді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараев төтенше жағдайлардың қаупін төмендету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
«Облыс бойынша «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны іс-шаралары» жол картасы жаңадан бекітілген болатын. Онда барлығы 18 іс-шара енгізілді. Биыл «Халықты және Қызылорда облысының басқару органдарын құлақтандырудың кешенді жүйесін құру» жұмысын бастау үшін жергілікті бюджеттен арнайы қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта қалада 25 құлақтандыру құрылғысы орнатылды. Ал Шиелі және Жаңақорған аудандарына 10 дана құрылғы алынды. Аймағымызда секундына 15-20 метр қатты жел жиі болып тұрады. Соның салдарынан конструкциясы осал үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандардың шатырлары ұшып, электр жүйелерінің үзілуіне әкеліп соғуда. Бұл халықтың тіршілігі мен денсаулығына да айтарлықтай кесірін тигізуі мүмкін. Жыл басынан бері 2 жағдай орын алды», – деді Саид Молдақараев.
Облысымыздың географиялық орналасу ерекшелігіне байланысты негізгі табиғи апат − су тасқыны екендігі белгілі. Қыс және көктем мезгілдерінде Сырдария өзені арнасындағы мұз жүру кезеңдерінде шалғайдағы елді мекендер мен шаруашылық нысандарды су басу қаупі туындайды. Баспасөз конференциясында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков табиғи апаттардың алдын алу барысын тізбектеді.
«Жыл сайын сала мамандарынан құралған жұмысшы топпен бірқатар шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, анықталған қауіпті учаскелерді қалпына келтіру жұмыстары басталды. Сырдария өзені бойында барлығы – 34 гидротехникалық құрылыс орналасқан. Оның ішінде 19 канал және 7 су қоймасы бар. Жыл басынан 3,6 шақырым болатын 5 учаскеде қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру және нығайту жұмыстары жүргізілді. Ал жеті каналды күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Жалпы бүгінгі күні облыс аумағында жағдай бақылауға алынған», – деді басқарма басшысы Мұса Оспанұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!