Биыл облыстың денсаулық сақтау саласында негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің оң үдерісі байқалады. Мәселен, күтілетін өмір сүру жасының орташа көрсеткіші өткен жылы 74,2 жас болса, биыл бұл көрсеткіш 75,15 жасты құрады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков мәлімдеді.
– Тұрғындардың денсаулығын нығайту – саламыздың маңызды міндеттерінің бірі. Соның ішінде біз басым бағытты ана мен бала денсаулығын сақтауға беріп отырмыз. Жыл басынан бері облыста 13 643 нәресте дүниеге келді. Бүгінгі таңда ана мен бала денсаулығын сақтау саласының материалды-техникалық базамен жабдықталуы 90,5 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін Көбейінді облыстық балалар ауруханасына магнитті-резонансты томограф алынатын болады. Одан бөлек, мүгедектігі бар балаларды реабилитациямен қамтуды ұлғайту мақсатында елімізде аудан деңгейінде алғаш рет Жаңақорған көпбейінді орталық аудандық аурухана базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды, дәл осындай орталық Арал ауданында да ашылып, өз жұмысын бастады. Сонымен қатар, облыстық перинаталды орталық базасында «Бір күндік клиника» пилоттық жобасы және «Ұрықты қорғау орталығы» ашылып, құны 145,0 млн теңге тұратын заманауи ультрадыбысты зерттеу аппараты алынды. Емханалар мен перинатальды орталық жанынан «Әйелдер консультациясы», «Ситуациялық орталық» және үздіксіз біліктілікті арттыру мақсатында «Симуляциялық орталық» құрылды,- деді Олжас Ермекұлы.
Өңірде денсаулық сақтау саласы мамандарының біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 41 медицина қызметкері Германия, Ресей, Литва, Беларусь елдерінің клиникаларында біліктіліктерін арттырған.
– Соңғы 3 жылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен мамандар біліктілігін арттыруға 375 млн теңге бөлінді. Негізгі басымдық ана мен бала денсаулығын қорғау тақырыптарына беріліп, 84 акушер-гинеколог, 44 неонатолог, 42 реаниматолог, 19 педиатр дәрігерлер оқытылды. Неонатологтарға арналған Ресей мемлекетінің профессорларымен көшпелі мастер-класс өткізіліп, 40 медицина қызметкері қатысты,- деді басқарма басшысы.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аймақта қарқынды жүзеге асуда. Ұлттық жоба аясында 27 нысан пайдалануға берілген. Жақын күндері Арал және Қазалы аудандандық көпбейінді аурухана ғимаратының қосымша құрылыстары пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
