Қазақстан өңірлерінде картоп екі есе қымбаттап кетті. Бір келісінің бағасы 400 теңгеге дейін жетті, кейбір жерлерде одан да жоғары, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтөбеде қаңтардың басында картоптың бір келісі 200 теңгеден аспаған еді. Кейінгі аптада картоптың құны екі есе өсті. Бүгінде супермаркеттерде бір келісіне 388 теңге сұрап тұр.
Үйдің маңындағы дүкендерде бүлінген картоп сатылып жатыр, оның келісі – 400 теңге. Сатушылар өнімнің әр партиясы бұрынғыға қарағанда қымбатқа келіп жатқанын айтады.
Шенеуніктердің айтуынша, Ақтөбе облысына картоп негізінен Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Ресейден жеткізіледі. Осы себепті қойылған баға өндірушілерге байланысты болып отырғаны айтылды.
«Қазір Ресей Федерациясынан картоп шығаруға тыйым салынды. Осыған байланысты халықты қолжетімді бағада картоппен қамтамасыз ету үшін жергілікті сауда желілері мен базарға тұрақтандыру қорынан апта сайын 100 тонна картоп бір келісіне 116-119 теңгемен жөнелтіліп жатыр», – деді Ақтөбе облысының әкімдігі өкілдері.
Жетісу облысы
Жетісу облысында бұл өнімнің бағасы 400 теңгеден асып кетті.
Павлодар облысы
Павлодардағы базарда картоптың бір келісі 400 теңге тұрады. Үй маңындағы дүкендерде келісі 320 теңгеден сатылып жатыр. Павлодар маңында картоп 350 теңге тұрады. Облыстың кәсіпкерлік және индустриялық даму басқармасы қаңтардың басында өңірге Грузиядан картоп партиясы әкелінгенін, оның бөлшек саудадағы құны 250 теңге және одан жоғары екенін хабарлады.
«Облыстың тұрақтандыру қорында 4000 тоннаға жуық картоп бар, ол әлеуметтік дүкендерде және Павлодардың фермерлер базарында сатылады. Алдағы күндері тұрақтандыру қорынан ірі супермаркеттер желісіне картоп түсуі керек. Көлік шығындарын ескергенде, келісі 120-140 теңге тұрады», – деді ведомство өкілдері.
Қызылорда облысы
Қызылордада павлодарлық картоптың келісі 360 теңгеден сатылып жатыр. Әлеуметтік дүкендерде жергілікті өнім 135 теңге тұрады.
ШҚО
Шығыс Қазақстан облысында картоптың бір келісінің бағасы 446 теңгеге дейін жетті.
Астана
Ең қымбат картоп Астанада сатылып жатқаны белгілі болды. Дүкендерде сұрыпталған картоптың келісі 455 теңге тұрады. Кейбір сауда нүктелерінде картоп жоқ немесе қалдықтарды сатып жатыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!