«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының өкілдері Арал ауданы, Қосжар ауылының тұрғындарымен кеңейтілген форматта кездесу өткізді.
Оған өңірлік коалиция жетекшісінің орынбасары Мұрат Тлеумбетов, өңірлік коалиция мүшелері Садық Мұстафа мен Ержан Искендер, аумақтық коалиция жетекшісі Базарбай Төрахметов және коалиция мүшелері Т.Қанатов пен Б.Алипов қатысты.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының мазмұны жан-жақты түсіндіріліп, оның ел дамуына, соның ішінде ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға тигізер ықпалы кеңінен талқыланды. Құжатта көзделген бастамалардың өңірлердің орнықты дамуына серпін беріп, ауыл өмірінің сапасын арттыруға бағытталғаны ерекше атап өтілді.
Әсіресе, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын нығайту арқылы ауыл тұрғындарының шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысуына жол ашылатыны айтылды. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жүйелі жаңғыртуға, әлеуметтік нысандардың сапасын жақсартуға және халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге берік негіз қалайды. Сонымен қатар, Конституция деңгейінде бекітілетін әлеуметтік және экономикалық кепілдіктер азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтіп, олардың ел болашағына деген сенімін арттыра түсетіні жеткізілді.
Кездесу ашық әрі мазмұнды диалог форматында өтті. Ауыл тұрғындары өзекті мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді, толғандырған сұрақтарына нақты жауаптар алды. Пікір алмасу барысында халықтың белсенділігі мен жүргізіліп жатқан реформаларға деген қызығушылығы айқын көрініс тапты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
