Бейсенбі, 26 желтоқсан, 14:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Өрт өтіндегі өмір

11.06.2022

1083 0

– Репортаж –

Мың түрлі саланың тыныс-тіршілігін тара­зылап, оқырманға бүкпесіз баяндау – біздің басты мақсатымыз. Әрбір саланың өзіне тән қиыншылығы мен қызығы болары әмбеге аян. Кезекті газет нөмірінің жоспарына сай редактор тапсырмасын алып, өрт сөндіру мекемесіне хабарластым. Ондағы ойым – осы саланың сан қатпарлы ісі мен ішкі талабын сезініп, жұртшылыққа кеңінен жеткізу. 

Облыстық ТЖД өрт сөндіру және ава­рия­лық құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Қайратқызы бізбен байланысты. Әңгіме әлқиссасын әріден түсінген әріптесіміз межелі мерзімді белгілеп берді. Сонымен уағдаласқан уақытта фототілші Нұрболат Нұржаубайды ертіп, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне бардық.

Кіреберіс аумақ алдынан күзет коман­дирі келген мақсатымызды біліп, кезекші бөлімге хабар берді. «Сырт көз сыншы» демей ме, айна­ламызға зер салғанымыздан мұндағы тәртіптің қатаң екендігі бірден байқалды.

Қаламымызды қойып, құтқарушы қызметкері атандық

Жә, сонымен бізді №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қанат Бисенбаев қабылдап, бөлімше командирі Мағжан Мұхтарұлына нұсқаулық берді.

Бөлімше командирі Мағжан Темірбектің бастауымен техникалар тұрған орынға табан тіредік. Қаз-қатар тізілген қызыл көліктер көзге құдды бір қызыл жалынды елестеді ме, қалай өзі?! Әйтеуір көңілде күмәнді ойлар ұялап, санаңды сан саққа бөлейді.

Біз бір сәт осы саланың жұмысшысы болып, қаламы­мызды қоя тұрып, құтқарушы қызметкері болып көрдік. Арнайы киімдерін киіп, кәнігі мамандарша қолымызға құрылғылар алып, қолдану әдістерін жасадық. Салмағының өзі бес келіге жуық болатын киімді небәрі он сегіз секундта киіп болуың керек. Брезент киім арнайы құтқару жасағы жұмысшыларына арналып тігілген. 200 градус ыстыққа 3 секунд, 100 градус ыстыққа 5 секунд шыдас береді. Енді қараңыз, сонда осы уақыт аралығында  өзіңе жүктелген міндетті мүлтіксіз атқарып шығуың тиіс. Міне, жылдамдықтың қажет кезі. Оқиғадан келісімен қайта жауынгерлік әзірлік жұмыстары жүргізіледі. Оған он минут уақытта үлгеруің керек. Әйтпесе, «жаман айтпай жақсы жоқ» тағы шақырту келсе қайта шығуға тура келеді. Сол үшін мұндағылар аса сақтықпен отырады.

Өмірбектің ерлігі

Осы мекемеде ұзақ жылдан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маманның бірі – азаматтық қорғау аға сержанты Өмірбек Тәжмағанбетов. Өмірбектің өмірі осы саламен тығыз байланысты. Ол осы мекемеде он бес жылдан бері табанды еңбек етіп келеді. Тәжірибесі толысқан маман бізге басынан өткен оқиғасын баяндап берді. 

– Бір күні «Ақмешіт» мөлтек ауданында өрт оқиғасы тіркеліп, сонда шақырту алдық. Дереу межелі мекен жайға жетіп, тұрғындарды эвакуацияладық. Бір мезетте  үй ішіне тексеру жүргізудемін. Көзге түртсе көргісіз қою қара түтін. Лаулаған өрт жалыны жанына жолатпайды. Оған қарап аңтарылып тұруға уақыт тапшы. Аз-кем аялдап тұрдым да тұңғиық түтіннің ішіне қойып кеттім. Бір мезетте терезе жақтауының алдына сүйеніп, тұрған қарт кісіні құтқарып алып шықтым. Оның бозарған түрі, шарасыз кейпі әлі күнге көз алдымда. Осы сәт ойыма түссе күні бүгінге дейін бойымды бір үрей билеп алады. Адам қанша жерден мықты болғанымен тілсіз жаудың алдында дәрменсіз. Сол үшін қай кезде де сақтық қажет деп ойлаймын. Өрттің 80 проценті балалардың қатысуымен болса, 20 проценті электр желілерінің ақауынан орын алады, – дейді Өмірбек Шакизадаұлы.

Көз алдыңызға елестетіп көріңіз, үстіңде қалың киім қолыңда ұзын су шлангасы, арқаңда он бес келілік ауа аппараты бар. Онымен қоса жауынгерлік балта, каска, фонарь болады. Осыларды арқалай жүріп, отыз екі метрлік сатымен төмен қарай адам алып шығуың керек. Міне, нағыз ерлік деп осыны айт.

Жол беру мәселесін жолға қойсақ…

№1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қанат Бисенбаевтың айтуынша, биылғы жылдың бес айында қала бойынша бес өрт оқиғасы тіркелген. Көбіне тілсіз жаудың орын алатын жері тұрғын үй секторы. Сонымен қатар автомобильдерде келеңсіз жағдай туындап жатады. Дала және орман өрті де өзекті болып отыр. Өрт оқиғалары көбіне көктем және күз мезгілдерінде белең алады. Техникалар түгел жаңа жабдықтармен қамтылған. Барлығы заманауи талапқа сай құрастырылған. Сондықтан сапасы авариялық жұмыстарға төзімді болып келеді. Ең бірінші ескерер жайт, жергілікті тұрғындар көшеде құтқару қызметі көлігіне жол беру мәселесін назарға ұстаса. Біздің өңірде осы жағы ақсап тұрған тәрізді. Басшының бұйымтайы буынсыз емес.

Тілші түйіні

Расымен, сіз бен біздің бас амандығымыз әуелі өзімізге содан соң мамандар біліктілігіне байланысты. Ендеше ел ішінде болатын әрбір жағдайға жанашырлық танытып, қоғам болып қолдау көрсетуіміз керек. Сонда ғана Жаңа Қазақстанның нұрлы болашағын бірге қалыптастыра аламыз. Біздің бір күнгі өрт сөндіру мекемесіндегі өмір осылай өрбіді. Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осыған саяды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: