«Көк тудың желбірегені – қазақтың асқақ беделі». Осы ән жанды тебірентіп, рухты оятады. Мемлекеттік нышандар қашанда құрметке лайық. Ту, елтаңба, әнұран – халықтың рухын жанитын құдіретке ие. Әрбір егемен елдің тәуелсіздігін айшықтайтын мемлекеттік рәміздері болады. Сондықтан кез келген елдің азаматы мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауы тиіс. Жас ұрпақтың бойына тумен, әнұранды, елтаңбаны құрметтеуді, қастерлеуді үйрету – аға буынның міндеті. Өкінішке орай кейбір бозөкпе жастарымыз тәуелсіздіктің мәңгілік белгісі һәм бейнесі тәу етер туымызды мазаққа айналдырды. Көк байрағымыз қор болды. Әлеуметтік желіні шарлаған осы бір көрініс көпшіліктің ашуына тиді.
Әлеуметтік желіде Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болған концерттің айналасында туындаған дау туралы халық талап қойды. Көпшіліктің ызасын тудырған көрініс қоғамның қызу талқысына түсті. Киелі сахнада тексіздік көрсеткен оларды қатаң түрде жазалау керек деп жазды белсенділер. Бұл алғашқы болған оқиға емес, көк Ту балконға да ілінді. Атышулы Борат көк байрағымызды өзге елде мазақ етті. Қоқыс салынған қапқада айналған кездер болды. Алайда олардың барлығы айыппұл төлеумен жеңіл құтылды. Осылайша мемлекеттік рәміздерді қорлағандар тұтыла берсе, тудың талай рет талқыға түсері анық. Сондықтан да оларды бүгінгі ұрпақ ескерту алатындай қатаң жазалау керек.
Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин келеңсіз жағдайға байланысты пікір білдірді.
– Алматы қаласындағы концерт кезінде болған оқиға қоғамда қызу талқыланып жатыр. Концертті NS group ЖШС ұйымдастырған. Shiza лақап атын иеленген азаматтың мемлекеттік туға қатысты әрекеті жіті тексеріледі. Жастар осы келеңсіз оқиғадан сабақ алып, мәдениет пен этикетті меңгеруі қажет. Біз мемлекетіміздің, тәуелсіздігіміздің символы саналатын мемлекеттік туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеу керек. Мемлекеттік рәміздерді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Өйткені заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік туды құрметтеп, қастер тұтуы қажет, – деп атап өтті мемлекеттік хатшы.
Біз жыл сайын рәміздер күнін кең көлемде атап өтеміз. Дегенмен осы күннің мәнін, маңызын жастарымыздың санасына сіңіре алмай келеміз. Өзекті өртейтіні де осы. Туды мазақ еткендер тұтастай елді мазақ еткендерін түсінулері тиіс. Сахнаның сәнін кетіріп, ойран салуға ешкімнің құқығы жоқ. «Өздерін әншімін деп санап, желігіп жүрген жастарды жазалау керек» деген пікірді қолдайтындар көп. Соның бірі әнші Мейрамбек Беспаев сахнаны қорлап, көпшілік алдында былапыт сөз айтқан Ирина Кайратовнаның командасы қатаң түрде жазасын алуы тиіс деп есептейді.
– Егемендігіміз бен елдігіміздің белгісі, Тәңірден тілеп алған тәуелсіздігіміздің символы, қастерлі де қасиетті көк Ту сенің қадіріңе жете алмай жатырмыз-ау. Тоқ заманда туған жастар сахна төріне шығып, мемлекеттік рәмізімізді қорлап, аузына келгенін оттап ойран салуда. Осындай есерлік пен ессіздіктің сазайын беретін заң орындалуы тиіс. Мейлі ай бол, жұлдыз бол, кім болсаң ол бол, біздің көк Туымызды қорлауға ешкімнің қақасы жоқ. Бұл бір «кешірім» сұрап құтыла салатын мәселе емес. Қатаң түрде жазасын алып, айыбын өтеуі тиіс, – деп жазды әнші Instagram парақшасында.
Сахнаның сыйын кетіргендерді заңмен қудалау керек. Себебі мұндай бассыздық қайталануы да бек мүмкін. Ал заң не дейді? Заңға сүйенсек, мемлекеттік рәміздерді қорлағандар Қылмыстық кодекстің 372-бабы «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» бойынша жазаланады. Мәселен, мемлекеттік рәміздерді қорлағандар 2 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, болмаса сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал көптің алдына шығып бейәдеп сөз айтқаны, этикаға қайшы қылықтар көрсеткені Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша «Ұсақ бұзақылыққа» жатады. Заң бойынша қоғамдық орындарда былапыт сөйлеген адамға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке әкімшілікке қамаққа алынады.
«Туды талқыға түсіріп қорлағандар сол ісіне сәйкес жазасын алсын». Бұл – көпшіліктің қойған талабы. Киелі сахнаның қадірін кетіргендер қатаң шарасын алуы қажет. Ұлттық құндылықты таптап, халықты сыйламайтын, сорақы қылық көрсететін жастарды сахнаға шығармау керек. Өнерді сүйетін, бойында қазақ еліне деген құрметі жоғары жастардың талап-тілегі осындай.
Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Үкіметке депутаттық сауал жолдап, бұл әрекетке қатысты ұсынысын жеткізді.
– Әдетте концертті кімдер ұйымдастырады? Қалтасында қомақты қаржысы барлар өткізеді. Оларға айыппұл төлей салу түкке тұрмайды. Мәдениет министрлігі жанынан репертуарлық алқа мен республикалық және аймақтық көркемдік кеңестер құрылуы керек. Талаптарды бұзған шығармашыл ұйымдар мен әншілердің қызметіне 5 жылға дейін шектеу қоюды талап етеміз, – деді депутат Нұртөре Жүсіп.
Қазақтың көк Туының қорланып, тапталуы, мазаққа айналуы ешкімді де бей-жай қалдырмады. Мұның өзі елімізде рухты, намысты азаматтар бар екенінің дәлелі. Осы қарқын бойымызда тұрса Ту талай құрметке ие болар. Ал бүгінгі оқиға әлеуметтік желіде ғана улап-шулап уақыт өте басылмауы қажет. Бұл мәселені заңды түрде шешіп, жауапсыздар жазасын алуы тиіс. Сонда ғана желіккен жастар сабақ алып, ерсі қылық жасарда ойланары анық.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!