Жексенбі, 24 қараша, 04:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Өзбек делегациясы теңіз ұлтанына сексеуіл егуге мүдделік танытты

13.09.2021

802 0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Өзбекстаннан келген арнайы делегациямен кездесті. Отырысқа Өзбекстан Республикасы мемлекеттік орман шаруашылығы комитетінің төрағасы Низомидин Бакиров бастаған делегат өкілдері келді. Сонымен бірге ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Құтпанбаев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының төрағасы Марат Нұрмағанбетов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов қатысты.

Жиында Арал теңізінің жағдайы мен экология тақырыбы сөз болды. Аймақ басшысы Аралдың тартылуы Сыр еліне ғана емес көршілес мемлекеттер үшін де аса маңызды мәселеге айналғанын тілге тиек етті. Себебі теңіз акваториясының тартылуы балық шаруашылығына да қатты әсер етеді. Дегенмен 1993 жылы 26 наурызда Қызылордада өткен Орта Азия елдері басшыларының саммитінде Аралды құтқару бойынша халықарылық қор құру туралы шешім қабылданды. Бұл экологиялық ахуалды жақсартуға жасалған қадамдардың бірі болды.

– Мемлекет басшыларының шешімімен халықаралық қаржы ұйымдары мен мүдделі тараптардың қолдауы нәтижесінде Арал теңізінің тартылуы мен теңіздің солтүстік бөлігін сақтау бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Соның бірі – «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы. Бұл арқылы теңіздің солтүстік бөлігінде балықтың 10-нан аса түрі пайда болды. Қазір Арал балығына Еуропа мен Азия елдерінен сұраныс жоғары. Теңіз табанындағы құмның көшуін тоқтату мақсатында «жасыл белдеуді» дамыту мәселесі де қолға алынды. Орман қорын көбейту жұмыстары шеңберінде 337 мың гектар жерге тал отырғызылды.

– Бүгінде Президент тапсырмасы аясында 5 жылдың ішінде теңіз ұлтанының 1,1 миллион гектар жеріне сексеуіл отырғызуды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте Өзбекстан Республикасының тәжірибесін пайдалануымыз қажет. Сондықтан екі елдің бірлескен жұмысының арқасында Аралдың кепкен табанын көгалдандыру мәселесіне оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Еске салайық, бауырлас елдің Өзбекстан аумағындағы Арал теңізі ұлтанын көгалдандыруда тәжірибелері мол. Яғни сексеуілдің тұқымын алып, қысқы мезгілде сексеуіл егіп, оны көктемде отырғызу жұмысын жолға қойған.

Алдағы кезеңде бірлескен серіктестік аясында облыс аумағындағы теңіз ұлтанына сексеуіл егу, отырғызу жұмыстары бойынша көрші елдің технологиясы қолданылады.

Жиын соңында облыс әкімі мүдделік танытқан Өзбек делегациясына алғысын білдіріп, ортақ мәселені шешуде жемісті еңбек ететініне сенім білдірді.

Айта кетейік, делегат мүшелері іссапары барысында Арал теңізіне барып, нақты ахуалды бағамдап, тәжірибесімен бөліседі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: